Қазақстандықтардың саны 20,2 миллионнан асты
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар мен қыркүйектегі демографиялық жағдай туралы мәлім етті. Статистикаға сенсек, қазақстандықтардың саны 20,2 миллионнан асты. Бұл туралы Altyn-orda Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 20 223 218 адамға жетті. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. 9 ай ішінде халықтың жалпы өсімі 189 376 адамға тең.
Биыл тоғыз айда Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келсе, 99,5 мың адам қайтыс болды. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адам болды.
Туудың ең жоғары деңгейі:
- Түркістан облысында (1000 тұрғынға 25,04 адам);
- Маңғыстау облысында (24,84);
- Шымкент қаласында (23,68).
Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (1000 тұрғынға 11,52), Шығыс Қазақстан облысында (11,32) және Қостанай облысында (10,12) байқалды. Бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты.
Сонымен қатар, алғашқы жарты жылдың ішінде 95 мың неке қиылып, 29,3 мың ажырасу тіркелді.
2024 жылғы қантар-қыркүйекте елге келгендер саны – 20 383 адам. Сондай-ақ 10 201 адам елден кетті. Ал көші-қон айырымы – 10 182 адам.
“2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 6,5%-ға өсті, Қазақстаннан кеткендер саны 19,9%-ға азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 79,7%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі 76,9% құрады. Ел ішіндегі көші-қон 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 47,4% өсті”, – делінген ресми статистикада.
Еліміздің 4 өңірінде халық көші-қонының оң айырымы қалыптасты:
- Астана (52853 адам);
- Алматы (26157 адам);
- Шымкент (5948 адам);
- Алматы обласында (765 адам).