Қазақстанда екі жылда 80 ауыл жойылып кеткен

Кейінгі екі жылда Қазақстан картасынан 80 ауыл жойылып кетті. Бұл туралы Мәжілісте ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында депутат Жигули Дайрабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды    Altyn-orda.kz   Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап .

Мәжіліс депутаты ресми деректерге сүйене отырып, былтырғы 1 қазанда Қазақстан халқының 37,2 пайызы ауылдық жерлерде тұрғылықты тұрғанын айтты.

«Жыл сайын бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бүгінде Қазақстанда 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы олардың саны 6286 болған. Осылайша бар болғаны екі жыл ішінде 80 ауыл жойылды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қазақстандық ауылдардағы көші-қон сальдосы минус 111 400 адам болған», – деді Дайрабаев.

Депутаттың айтуынша, бұл — соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

«Алматы және Атырау облыстарын қоспағанда, барлық өңірде көші-қон сальдосы нөлден төмен болды. Әсіресе, Түркістан облысындағы жағдай алаңдаушылық тудырады, бұл өңірден 29,2 мың адам көшіп кеткен», – деді мәжілісмен.

Ауылдардың жайы туралы
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс мінберінде депутат Ринат Зайытов жабылып қалған ауылдардың тағдыры туралы сөз қозғады. Депутаттың сөзінше, кейінгі 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалған. 2024 жылдың өзінде СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған.

Анықтама: 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 6208 ауылдық елді мекен бар.