Астаналық тұрғындар сенбілікке шықты

Астана қаласының Сарайшық ауданына қарайтын Тұрсын Астана-2 ауласында «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында сенбілік өтті. 

Іс-шара барысында ағаштар  отырғызылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, акция аясында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатымен тұсаукесер рәсімі өткізіліп,  дастархан жайылды.

Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Тұрғындар аманаты» жобасының негізгі мақсаты – қала халқына қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи орта құру, аула аумақтарын абаттандыру және тұрғындардың белсенділік деңгейін арттыру. «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалы аталған жобаны биыл ақпан айында қолға алды. Аталған партияның Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, әрбір пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) сауатты жұмыс атқаруына көп нәрсе байланысты. Қазіргі таңда филиалдың жанындағы қоғамдық қабылдауға тұрғындардан және кооператив өкілдерінен келіп түсетін сұрақтар көп. Арыз-шағымдардың басым бөлігі электр және жылу жабдықтары қаланың балансына уақытылы немесе дұрыс берілмеуіне, пәтер иелері кооперативтерінің дұрыс жұмыс істемеуіне қатысты.

«Осы тұрғыда, біз талдау жасай келе, «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында жылдың басынан бері пәтер иелері кооператив өкілдерімен, меншік мүлік иелері өкілдерімен бірлесіп, олардың білімін ары қарай жетілдіру, бағыт-бағдар беру үшін оқыту курстарын, семинарлар ұйымдастырдық. Астана қаласында 1116 пәтер иелері кооперативі болса, біз соның 538 өкілінің біліктілігін шыңдадық. Ол жерге «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ, «Астана су арнасы» МКК, Тұрғын үй инспекциясы, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері шақырылды. Бұл оқыту бізде көктемде және күзде болады. Себебі пәтер иелері кооперативтері өкілдерінің арасында тұрақсыздық байқалды. Тұрғындар қол жинап, өздері өкілді сайлайды. Алайда ол адам білімінің жетпеуіне немесе төзімнің болмауына байланысты жиі ауысып отырады. Сондықтан екі кезеңде оқытамыз. «Аманат» партиясы ретінде біз тұрғындар мен билік арасындағы көпірміз деп айтып жүреміз әрқашан. Негізгі құрал — партиялық жобалар. Бүгінгі іс-шара — халықтың саяси тұрғыда белсенділігін арттыру», – дейді Мұхаммед Болысбек.

Қысқа мерзімді курстар түрінде өтетін оқыту жылыту маусымына дайындық, сервистік қызмет субъектілерімен және коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдармен шарттар жасасу,  жылумен жабдықтау жүйесі, электрмен және сумен жабдықтау, су бұру желілерін пайдалану бойынша МИБ-тің (меншік иелері бірлестігі) негізгі міндеттері мен қолдану аясы тақырыптарын қамтиды.

Тұрсын Астана-2 меншік иелері бірлестігінің төрағасы Қуаныш Оспановтың айтуынша, Сарайшық аудан әкімшілігімен, «Аманат» партиясымен бірлесіп біраз іс-шара атқарылған.

«12 сәуір күні ауламызда қалалық үлкен сенбілік болды. Ауламыз «Халық қатысатын бюджет» науқаны бойынша жасалған. Алдағы уақытта тамыз айына таман үйге күрделі жөндеу жасау жоспарда бар. Үй кеңесімен ақылдасып, сондай мәселелерді қолға алып жатырмыз. Қысқа дайындық жұмыстары да басталып кетті. Іс-шараның барлығы халықпен бірге ақылдасып жасалуда», – дейді Тұрсын Астана-2 меншік иелері бірлестігінің төрағасы.

 

 

Нұрсұлу Мырзахмет