Зеленский 15 мамырда Стамбулға бармақ — Мәскеудің бітімге келісуінен тыс та келіссөздерге дайын

Бұл туралы Altyn-orda.kz, Axios дерегіне сілтеме жасай отырып   хабарлайды 

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі мүмкін деген болжаммен 15 мамырда Стамбулға барады. Бұл сапар Мәскеу 12 мамырдан бастап бітім жасауға келісім бермесе де жүзеге аспақ.

Украиналық шенеуніктің айтуынша, Ресей тарапынан 12 мамырдан бастап атысты тоқтатуға дайындық туралы ресми растау болмаса да, Зеленский келіссөздерге қатысу ниетін білдіріп отыр.

Бұл туралы Украина президенті 11 мамыр кешкісін әлеуметтік желілерде жариялап, Түркия тарапынан жасалған шақыруды қабылдағанын растады. Ол Киевтің 12 мамырдан бастап толық әрі тұрақты атысты тоқтатуды күтетінін және мұндай жағдай ғана келіссөздерге негіз бола алатынын атап өтті.

«Бейсенбі күні Түркияда Путинді күтемін. Жеке. Бұл жолы Ресей тарапынан тағы да сылтау ізделмейді деп үміттенемін», — деп жазды Зеленский.

Өз кезегінде, 11 мамыр түнінде Ресей президенті Владимир Путин Киевке ешқандай алдын ала шартсыз тікелей келіссөздерді Стамбулда бастауды ұсынды.

Ол бұл кездесудің нәтижесінде «нақты бітімге» қол жеткізу мүмкін екенін жоққа шығармады.

Бұған дейін Зеленский Мәскеудің ұсынысын «жақсы белгі» деп бағалап, бірақ диалог тек Ресей 12 мамырдан бастап 30 күндік бітімге келісім берген жағдайда ғана мүмкін болатынын алға тартты.

АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, Киевті 15 мамырдағы келіссөздерге шақыруды дереу қабылдауға үндеді.

Айта кетейік, Украина мен Ресей делегациялары арасындағы соңғы бетпе-бет кездесу 2022 жылғы 29 наурызда Стамбулда өткен болатын.

Сол жылдың күзінде Ресей төрт украиналық аймақты аннексиялағаннан кейін, Зеленский Мәскеумен келіссөздерді Ресей басшылығы ауысқанға дейін мүмкін емес деп мәлімдеген жарлыққа қол қойған еді.