Бейбітшілікке мәжбүрлеу: Еуроодақ Ресейге қарсы төрт санкциялық пакетті бір уақытта қолданбақ

Еуропалық Одақ Ресейдің мұнайына және қаржылық секторына қарсы жаңа соққы әзірлеп жатыр. Еуропа Путин бейбіт келісімге келмейінше, оған қысым жасауды жалғастыра бермек.
Брюссельде хабарланғандай, Еуроодақ Ресейге қарсы «тарихтағы ең ауқымды» төрт түрлі санкциялық режимді бір мезгілде енгізуге дайындалуда. 17-ші пакетпен қатар, 18-ші санкциялық пакеттің де дайындалып жатқаны жария етілді.
Жаңа санкциялар 20 мамыр күні Сыртқы істер жөніндегі ЕО кеңесінің отырысында жарияланады. Бұл туралы 16 мамыр, жұма күні Брюссельде өткен брифингте Еуроодақтың жоғары лауазымды өкілі мәлім етті, деп хабарлайды DW.
Ресейге қарсы шектеу шаралары төрт санкциялық режим аясында бекітіледі: Украинадағы соғыс үшін, адам құқықтарын бұзғаны үшін, гибридтік соғыс үшін және химиялық қаруды қолданғаны үшін.
Барлығы 130-дан астам жеке санкция қабылданады. Олардың қатарында Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені, «көлеңкелі флот» және оның көмекшілері, үшінші елдерден санкцияға ілінген тауарларды жеткізушілер, сондай-ақ үгіт-насихат пен жалған ақпарат таратушылар бар.
Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясына байланысты 17-ші санкциялық пакет аясында санкциялық тізімдерге 75 жаңа заңды және жеке тұлға, сондай-ақ Ресейдің «көлеңкелі флотының» 200 кемесі енгізіледі.
Гибридтік әрекеттер үшін ЕО салалық шектеулермен қатар, Ресейдің 27 жеке және заңды тұлғасына жеке санкциялар енгізеді. Адам құқықтарын бұзғаны үшін санкциялық тізімге тағы 28 ресейлік тұлға мен ұйым қосылады.
Сондай-ақ Ресейдің химиялық қару қолданғаны үшін санкция салу жоспарланып отыр. ЕО өкілінің айтуынша, бұл — Ресей Украинадағы соғыс кезінде қолданған жаппай тәртіпсіздіктерді басуға арналған химиялық құралдар.
Сол күні, 16 мамырда, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жаңа — 18-ші санкциялық пакет жайлы хабарлады. Оның айтуынша, бұл шаралар ЕО кеңесі тарапынан әлі бекітілген жоқ, сондықтан мерзімі мен көлемі туралы нақты ақпарат жоқ.
Фон дер Ляйеннің сөзінше, жаңа санкциялар пакеті «Солтүстік ағын» және «Солтүстік ағын — 2» газ құбырларына қатысты шектеулерді, ресейлік «көлеңкелі флот» кемелерінің қара тізімін кеңейтуді, мұнайға баға шегін төмендетуді, сондай-ақ Ресейдің қаржы секторына қарсы қосымша санкцияларды қамтиды.
«Біз президент Путин бейбіт келісімге келуге дайын болғанға дейін, оған қысымды күшейтуіміз керек», — деді Еурокомиссия басшысы.
Бұған дейін еуропалық көшбасшылар егер Мәскеу ұсынылған 30 күндік бітімнен бас тартса, Ресейге қарсы ауқымды санкциялар салынатынын ескерткен болатын.
