Павлодарда төрт метрлік кимешек дүниежүзілік гинестер кітабына енді

Павлодар қаласында жаңа әлемдік рекорд орнатылды — қаланың жағалауында биіктігі 4 метр болатын алып кимешек тұрғызылды.

Үйленген қазақ әйелінің дәстүрлі бас киімі мәдени мұра мен салт-дәстүрге деген құрметтің символына айналып, ірі инсталляция ретінде таныстырылды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Кимешек күміс әшекейлермен, тиындармен, меруертпен және 2000-нан астам моншақпен безендірілген. Рекордтық кимешекті жасау идеясын дизайнер Гүләйім Ақымбаева жүзеге асырды. Ол архивтік эскиздер мен қазақ фольклорынан шабыт алған.

Бұл жетістік халықаралық Global BOOK of RECORDS ұйымы тарапынан ресми түрде танылып, кимешек олардың Дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізілді.

Ашылу салтанатына ақ кимешек киген 200-ден астам әйел жиналды — бұл дәстүрге деген құрмет пен жобаны қолдаудың белгісі болды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл жоба тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар әйелдік болмыстың, аналық мейірімнің және ұрпақтар сабақтастығының символына айналды.