Қазақстан Осакадағы EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесінде үздік деп танылды

Қазақстан павильоны Осакадағы EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесінде «C» санатындағы шағын павильондар арасында басты номинация — Theme Development бойынша бірінші орынды иеленді. Байқауға 90-нан астам ел қатысқан, олардың ішінде ең мазмұнды және ерекше экспозиция ретінде дәл Қазақстанның павильоны мойындалды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Павильонның тұжырымдамасы Қазақстанды дәстүр мен инновацияны үйлестіре білген ел ретінде таныстырды. Экспозиция мәдениет, тұрақты даму және цифрландыру тақырыптарын қамтып, елдің инвестициялық әлеуетін де көрсеткен. Алты ай ішінде павильонды миллион жарымнан астам адам — халықаралық ұйымдар, дипломатиялық миссиялар мен ірі бизнес өкілдері тамашалаған.

Халықаралық БАҚ өкілдері жобаның креативті дизайнын және мазмұн тереңдігін жоғары бағалады. Ең маңызды шаралардың бірі — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткізілген Қазақстанның Ұлттық күні болды. Оған үш мыңға жуық көрермен қатысып, бұл күн еліміздің жаһандық мәдени кеңістіктегі айқын көрінісіне айналды.

Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Димитрий Керкентзес те қазақстандық павильонның ұйымдастырылуы мен тұжырымдамалық айқындығын ерекше атап өтті.

Осакадағы бұл жеңіс Қазақстанның инновациялар, мәдениет және тұрақты даму тоғысындағы жаһандық болашақ диалогына белсенді қатысушы ретінде өсіп келе жатқан халықаралық беделін айқындады.

Altyn-orda.kz