Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 6,3%-ға өсті

Қазақстан экономикасы тұрақты қарқынмен өсіп келеді: 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ІЖӨ 6,3%-ға артты, деп хабарлайды Altyn-orda.kz. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді. Оның айтуынша, өсімнің негізгі қозғаушы күштері — көлік, құрылыс және тау-кен өндірісі.
Фото: freepik.com
Реал сектордың өсімі 8,1%, қызмет көрсету саласы 5,3% деңгейінде болды. Сауда көлемі 8,8%, өңдеу өнеркәсібі 6,2%, ал ауыл шаруашылығы 4,4% артқан. Жалпы ішкі өнімнің 70%-дан астам өсімін өнеркәсіп, көлік және сауда қамтамасыз етті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%-ға өсіп, 13,8 трлн теңгеге жетті. Ең жоғары өсім қаржы секторында, білім беру және өңдеу өнеркәсібінде байқалды. Елдің барлық дерлік өңірлері оң нәтижелер көрсетіп отыр, тек Атырау облысында шамалы төмендеу тіркелген.
Сыртқы сауда да оң динамикада: жылдың алғашқы сегіз айында тауар айналымы 90,1 млрд долларды құрады, оның 50,2 млрд доллары — экспорт. Әлемдік бағаның төмен болуына қарамастан, сыртқы сауданың оң сальдосы 10 млрд доллардан асты.
Экономикалық өсім елдегі іскерлік белсенділіктің соңғы жылдардағы құрылымдық реформалар мен сыртқы күйзелістерден кейін қалпына келе бастағанын көрсетеді. Дегенмен, жоғары қарқынды сақтау үшін шикізат бағасының тұрақтылығы мен экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыру шешуші рөл атқарады.
Altyn-orda.kz
