«Балаларым қатыспайды»: жаңажылдық шырша мерекесіне ата-аналар қаншадан жинауда

Биыл Оқу-ағарту министрлігі өңірлердегі білім басқармаларына Жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шараларға қаражат жинауға рұқсат етілмейтіні туралы нұсқаулық жіберді. Соған қарамастан мереке қарсаңында мессенджерлердегі «ата-аналар чатында» шыршаны тойлау үшін ақша жинау науқаны басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі білім басқармаларына мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында Жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шараларды тек балабақша және мектеп қабырғасында ғана өткізілуі қажет екендігі туралы хат және мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында Жаңа жыл мерекесіне арналған қауіпсіздік нұсқаулығын жолдаған. Нұсқаулыққа сәйкес, мерекені өткізу үшін аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды іс-шараларды өткізуге тартуға;

мерекелік дастархан ұйымдастыруға;

жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып,

қала (аудан) бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге; ә

кімшілік пен педагог қызметкерлерге сыйлықтар үшін ақшалай қаражат жинауға;

мейрамханаларда, дәмханаларда және басқа да ойын-сауық мекемелерінде іс-шаралар ұйымдастыруға рұқсат етілмейді.

Алайда жекелеген «ата-аналар чаттарында» балаларға сыйлық, аниматормен кеш ұйымдастыруға арнап ақша жинау туралы мәселе талқылануда.

Алматылық Маржан (есімі өзгертіліп алынды — ред.ескертпесі ) биыл жекеменшік балабақшаға баратын екі баласы үшін әрқайсысына 6000 теңгеден беруге тиіс болған. Бастаманы ата-аналар өздері көтерген. Бұл қаражатқа балаға сыйлық ретінде ойыншық — 3000 теңге көлемінде, аниматор қызметі үшін 2200 теңге, қалған 800 теңге — балаларға мерекелік дастархан ұйымдастыруға жұмсалуы керек еді. Алайда екі баласы бірдей балабақшаға баратын ананың айтуынша, олар мерекеге қатысудан амалсыздан бас тартып отыр. Себебі екеуіне 12 мың теңге ақша өткізуге мүмкіндігі жоқ. Ата-аналар чаты. Скриншот: Ата-ананың жеке мұрағатынан «Мен ата-аналар чатынан шығып кеттім, жиналып жатқан қаражатты тым көп деп есептедім. Сондықтан балаларым Жаңа жыл мерекесіне қатыспайды», — дейді Маржан.

KAZ.NUR.KZ тілшісімен тілдескен Дария есімді ата-аналар комитетінің төрайымы бұндай соманың белгіленуін қазіргі нарықтағы тауар бағасының қымбаттауымен түсіндіріп отыр. «Біз бұл ақшаны аспаннан алып қойып отырған жоқпыз. Қазір бәрі қымбаттап кеткен. Ақшаның құны қалмай бара жатыр. Сонда да жылына бір келетін жаңа жылда балаларымызға мерекелік көңіл-күй сыйлайық деген ниетіміз бар. Сондықтан бұл жерде ешкімді ақша жинауға мәжбүрлемейміз», — дейді ол.

Биыл пандемиямен байланысты ұзақ үзілістен кейін мемлекеттік мектептерде де шырша офлайн түрде ұйымдастырылмақ. Алайда министрлік нұсқаулығына сәйкес, сыйлыққа, мерекелік дастарханға ақша жинауға рұқсат жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, биыл Президенттік шыршаны өткізу офлайн режимінде ұйымдастырылатын болады.

Президенттік шыршаға қатысушылар үшін дәстүрлі сыйлық президенттің атынан балаларға сыйлық жиынтықтары болмақ. Жаңа жылдық шыршаға әр өңірде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беруді қажеттіліктері бар балалар, мүгедек балалар, сондай-ақ елімізде жетістікке жеткен дарынды балалар қатысады.