Астананың бас имамы жеті атаға дейін қыз алыспауға қатысты пікір білдірді

Ол “Үш атада тән өзгереді, жеті атада қан өзгереді” деген халық даналығын еске салды.
Астананың бас имамы Нұрбек Әуесханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында дін мен дәстүр тақырыбын қозғай келе, қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүріне қатысты пікірін білдірді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде бұл дәстүрдің Исламда жоқ екені туралы әңгіме қозғалып, қоғам арасында түрлі пікір туған болатын.
Астананың бас имамының түсіндіруінше, Мұхаммед пайғамбарға пайғамбарлық келген кезде араб қоғамында да әртүрлі әдет-ғұрыптар болған. Ол шариғатқа қайшы келмейтін салттарды сақтап, қоғам игілігіне қызмет ететін дәстүрлерді қолдаған, ал адамға зиян келтіретін немесе Алланың әміріне қарсы келетін әдеттерге тыйым салған.
“Сондықтан Ислам ғұламалары да халық арасында орныққан игі дәстүрлерді шариғатқа қайшы келмеген жағдайда құқықтық нормалардың қайнар көздерінің бірі ретінде қарастырған. Қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап келген асыл дәстүрлерінің бірі – жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы. Бұл тек ұлттық ерекшелік емес, ұлттың болашағын ойлаған көрегендіктің белгісі. Ата-бабаларымыз отбасы құндылығына, ұрпақ тәрбиесіне және қан тазалығына айрықша мән берген. Ислам діні де дені сау, тәрбиелі әрі текті ұрпақ тәрбиелеуді маңызды құндылықтардың бірі ретінде қарастырады”, – деп түсіндірді Нұрбек Әуесханұлы.
Бас имамның айтуынша, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі Тәуке ханның “Жеті жарғысында” бұл талап заңдық деңгейде бекітіліп, ел бірлігі мен ұрпақ саулығын сақтаудың маңызды тетігі ретінде танылған.
“Үш атада тән өзгереді, жеті атада қан өзгереді” деген халық даналығының түп-төркіні де осы өмірлік тәжірибеден бастау алса керек. Бұл дәстүр ұлттың тектілігін сақтап, ұрпақтың сапалы болып өсуіне ықпал еткен маңызды рухани құндылық болып саналады”, – деді Нұрбек Әуесханұлы.










