«Мемлекеттің өз азаматтарына деген кеңпейілдігін білдіретін гуманизм актісі» – депутат амнистия туралы

Қазақстанда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бастаманың негізгі ережелері туралы Мәжіліс отырысында депутат Нұрсұлтан Байтілесов айтып берді, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған шаралар тек қылмыстық салаға ғана емес, әкімшілік құқықбұзушылықтарға да қатысты болады.
«Бүгін біз амнистия мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл тақырып қоғам үшін де, құқық қолдану тәжірибесі үшін де зор маңызға ие. Амнистия – жекелеген санаттағы адамдардың жауапкершілігін жеңілдетуді немесе оларды жауапкершіліктен босатуды көздейтін құқықтық құрал», – деді депутат.
Жаңа амнистия бұрынғы шаралардың жалғасы болады
Байтілесов Қазақстанда бұған дейін де ауқымды амнистиялар жүргізілгенін еске салды. Атап айтқанда, 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай екі мыңнан астам адам бостандыққа шығарылып, тағы 11 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылған.
«Бұл маңызды қадам болды. Бірақ бүгін біз одан әрі ілгері жылжып отырмыз», – деді ол.
Алғаш рет әкімшілік амнистия ұсынылып отыр
Басты жаңалықтардың бірі – елде бұған дейін дәл осындай форматта қолданылмаған әкімшілік амнистия болмақ.
Депутаттың айтуынша, әңгіме онша қауіпті емес құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдарды есептен шығару және олардың салдарын жеңілдету туралы болып отыр.
«Алғаш рет айыппұлдарға және онша қауіпті емес құқықбұзушылықтарға қатысты әкімшілік амнистия ұсынылып отыр», – деді Байтілесов.
Ол мұндай тәжірибе өзге мемлекеттерде де қолданылатынын атап өтті. Мысал ретінде Италия, АҚШ-тың жекелеген штаттары және Индонезия келтірілді. Бұл елдерде осындай шаралар заңнаманы реформалау және мемлекеттік саясатты ізгілендіру кезеңдерінде қолданылған.
«Халықаралық тәжірибе әкімшілік амнистияның әкімшілік жүктемені азайтатын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы құқықтық өзара іс-қимылды нығайтатын құрал бола алатынын көрсетеді», – деді депутат.
Айыппұлдарды есептен шығару жоспарланып отыр
Байтілесовтің айтуынша, Қазақстандағы амнистия моделі шетелдік үлгілермен салыстырғанда анағұрлым жұмсақ болады.
«Біздің әкімшілік амнистияға қатысты ұстанымымыз аталған елдерге қарағанда әлдеқайда лоялды», – деді ол.
Оның сөзінше, билік қолданыстағы әкімшілік айыппұлдардың басым бөлігін алып тастауды жоспарлап отыр.
«Соттар салған айыппұлдарды және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін құқықбұзушылықтарды қоспағанда, барлық қолданыстағы айыппұлдарды жою туралы шешім қабылданды», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Қазақстан үшін бұл әкімшілік амнистияны қолданудың алғашқы әрі өте ауқымды тәжірибесі болатынын атап өтті.
Заңнаманы ізгілендіруге жасалған қадам
Байтілесовтің пікірінше, заңның қабылдануы елдің құқықтық жүйесін дамытудағы маңызды кезең болмақ.
«Бұл шараны іске асыру әкімшілік заңнаманы ізгілендіру бағытындағы маңызды қадам болады», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта мұндай тетіктер оларды қолдану тәжірибесін ескере отырып, кеңірек таралуы мүмкін.
«Қылмыстық және әкімшілік істер бойынша амнистияны қолдану азаматтардың құқықтық санасын нығайтуға және болашақта құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», – деп қорытындылады Байтілесов.










