1 шілдеден бастап әлеуметтік төлемдер өседі: Үкімет бұл өзгерістің кімдерге қатысты екенін айтты

 

Үкімет әлеуметтік төлемдердің мөлшері қашаннан бастап көбейетінін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлер кабинетінің мәліметінше президенттің тапсырмасын орындау аясында 1 шілдеден бастап еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылады. Әлеуметтік төлемдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді және премьер-министр тиісті қаулыға қол қойған. 

Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдермен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр. 

Қаулы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. 

Еске салайық, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Сонымен қатар 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді.