«Күзде той жасаймын деген жоспары бар еді»: Алматыда Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
- Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында мемлекеттік қайраткер Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
-
Жиынға мыңнан аса адам, Бердібек Сапарбаевтың туыстары, жақындары, әріптестері мен достары, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Оның ішінде Премьер-министр Әлихан Смайылов, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, экс вице-премьер Алтай Көлгінов, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған туыстары бар.
Премьер-министр Әлихан Смайылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып, Бердібек Сапарбаевты барлық әкімдердің ағасы деп атайтынын жеткізді.
“Бердібек Машбекұлы өзінің ерең еңбегімен еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады”, – деді ол.
Бұдан кейін Алматы әкімі Ерболат Досаев өзінің және алматылықтардың атынан марқұмның туыстарына көңіл айтты.
“Бердібек Машбекұлының өлімі қабырғамызды қайыстырды. 15 жылдан астам мемлекеттік қызмет атқарды. Өзім 25 жылдан астам жақын таныс болдым. Тәуелсіздікті нығайту жолында қатардағы экономистен бастап премьер-министрдің орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді атқарып, 5 бірдей өңірдің әкімі болып, халықтың шынайы ризашылығына бөленді. Ол елі мен жерін риясыз сүйді. Бердібек Машбекұлы туралы өткен шақта айту өте қиын. Бердібек ағамыздың артында қалған өнегелі істерін, ізбасарлары мен шәкірттері жалғастырады деп сенеміз”, – деді Алматы әкімі.
Сонымен қатар ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен бұрынғы әкім Қырмбек Көшербаев сөй сөйлеп, “қазақ халқы ұлы тұлғасынан айырылды. Бұл барлығымыз үшін орны толмас қаза» деді.
Рәсімді Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Икрам Адырбеков аяқтады.
“Бердібек шығыс та, батыс та қар мен суық та болсын игі істердің басында жүрді. Тек қана басшы болған жоқ. Елдің арқа сүйер ағасы болды. Үлкен құрмет пен сыйға ие болды. Шынын айтқанда ол кісінің алдына қойған жоспары көп еді. Оңтүстік Кореяға барар алдында Алматыға келгенде сөйлескен едік. Ол 70 жасын да тойлаған жоқ. Сонда айтып еді: “Биыл амандық болса күзде егін жиналып, халықтың көңілі орнына түскен кезде елге барып араласпай кеткен туыс-туғанмен, дос-жаранмен жинап, бір той жасайын” деген еді. Бұнымен қоса алған білімім мен көргендерімді жастарға берейін, университетте сабақ берейін деген ойы болып еді. Өзін өте жас, қайратты сезінетін. Бұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған да жоқ”, – деді ол.
Кейінірек молда жаназа оқып, Алматы халқы оны ақтық сапарға шығарып салды.
Бердібек Сапарбаев «Кеңсай-2» зиратына жерленеді. Марқұмның жақындарының айтуынша, 2002 жылы жол-көлік оқиғасында қаза тапқан Сапарбаевтың үлкен ұлы осында жерленген.
Айта кетсек, Бердiбек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында туған.
1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 16 жасында «Задарьинский» кеңшарында қатардағы жұмысшы болып бастаған.
Бердібек Сапарбаев 1995-2022 жылдар аралығында еліміздің бес облысына әкім болған. Бұл жағынан ол рекорд иесі. Жалпы министрліктегі қызметтерін есептегемегенде тек 18 жыл әкім ретінде қызмет еткен.
Ол екі рет Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, екі рет премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Әр жылдары министрлер кабинеті аппаратының жетекшісі, кедендік бақылау агенттігі төрағасы, қаржы министрінің орынбасары болған.
Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған кезінде өңірдегі қытайлық компания басшылары мен жұмысшыларын қазақ тілін құрметтеп, мемлекеттік тілді үйренуге шақырған болатын. Сондай- ақ Жамбыл облысының әкімі болып жүрген кезде де қытайлық мердігерлермен аудармашының көмегімен сөйлескен Сапарбаев Қазақстан заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Ол қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмен екенін баса айтып, олардың мөлшерін жыл сайын кем дегенде 10 пайызға өсіруді талап етті.
«Қазақстан Республикасының заңдары мүлтіксіз, оның ішінде «Тіл туралы заң» сақталуға тиіс. Біздің мемлекеттік тіліміз-қазақ тілі. Барлық маңдайшалар дәл қазақ тілінде, оның ішінде кіре берісте орналасқан компания атауы болуы тиіс. Вахталық сапар кезінде мұны байқадым. Мен мұнда тағы да келіп, тапсырманың қалай орындалғанын тексеремін», – деген еді Сапарбаев.
2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде болған теракті кезінде Сапарбаев қауіп-қатермен бетпе-бет келді, жағдайды тұрақтандырды. Нәтижесінде облыста ішкі көші-қон мәселесін бақылау жақсартылды, халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысына әкім болып барысымен пайдалы жұмыс істеді. Біріншіден, ол Қордай ауданында болған төңкерістен кейін өңірдегі қалыпты өмірді қалпына келтіре алды. Бүгінде ауылдарда бейбітшілік пен келісім орнап, арандатушылар тынышталды.
Жамбыл облысы әкімі қызметінен кеткеннен кейін Бердібек Сапарбаевты шығарып салуға Тараз әуежайына біраз жұрт жиналды. Ұшаққа мінер алдында көпшілікке алғысын айтқан Бердібек Сапарбаев көзіне жас алған еді.