Қай жерде білім жоқ болса, сол жерде радикал дін барлығының құтқарушысы бола қалады – Асылтай Тасболат

Қоғамға терең әсер ететін күрделі және көп қырлы мәселелердің бірі — діни радикализм. Ол халықтың дүниетанымына жат идеологияны таратып, алауыздық тудырып, оларды топ-топқа бөліп, қоғамның берекесін қашырады, тіпті, елдің ішкі діни ахуалының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруі мүмкін. Ал діни радикализм қайдан шықты?  Бұдан қалай құтылмақ керек? Осы туралы «Адырна» тілшісі  PһD докторант, дінтанушы Асылтай Тасболатпен сұхбаттасты.

— Алдымен, діни радикализм дегеніміз не? Осыған анықтама бере кетсеңіз.

— Діни радикализм деген ұғымға анықтама бермес бұрын, жалпы “дін” деген құдіретті күштің бар екендігіне сенімнің және сол сенімге негізделген дүниетаным формасын түсіну қажет. Адамдар әлем жайлы, қоғам жайлы, мораль деген түсініктердің барлығын дін арқылы негіздеуге тырысады. Дегенмен, сенімге негізделген дүниетаным формуласы болса да дін түгелдей адамның ақылға салып, ойлануын жоққа шығармауы тиіс. Себебі, христианды, яхудиді, исламды құдай адамдармен тілдесу үшін пайғамбар жіберіп отырады. Сол пайғамбар арқылы кітап жібереді деген сенім бар. «Міне, сол құдай түсірген қасиет – сөзді, яғни уахиді немесе құранды түсінуде оған ақылды араластыруға болмайды. Сөз бе сөз түсіну керек. Ол жерде адам ақылына салып ойланса, адасып кетеді. Сондықтан діни мәтінді сөзбе сөз, өмірде қолдану керек» деген жерден радикализм емес, фундаментализм туады. Соның аясында «біз сияқты түсінбейді және біз сияқты ойланбағандықтан адасқан» деп ойлауы мүмкін. Адасушыларға қатысты, біз өте қатқыл мәмледе болуымыз керек деген түсініктен барып радикализм туады. Ислам дінінде де, христиан дінінде де тарихына қарайтын болсақ, осы радикал формадағы діни түсінікке бой алдырған топтар бар.

— Діни радикализмнің салдары қоғамға қандай қауіп төндіруі мүмкін?

— Соңғы кезде Қазақстандағы эксперттердің көпшілігі Ауғанстанды мысалға келтіріп айтып жүр. Одан алдын Сирия жерінде қаншама босқындар Еуропаға үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл әлемдегі жалпы геосаяси жағдайға да әсер етуде. Сондықтан Ауғанстандағы талибан радикалды ұйымының бір мемлекетті басып алуы үлкен оқиға. Бұл да діни радикализмнің, діни фанатизмнің бір көрінісі болса керек.

— Оның алдын алу үшін не істеу керек? Алдын алу және оған қарсы тұрудың қандай әдістері мен стратегиялары ұсынылған? Мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар бар ма?

— Діни радикализмнің қауіпін алдын алуымызға болады. Ал егер ағартушылық бағытта, балама көзқарастар, ғылыми зерттеулер жүзеге аспайтын болса, діни радикализм, әрине, қоғамға қауіп төндіріп, тұтастай бір мемлекеттің құлдырап кетуіне немесе мемлекеттік биліктің айырылып қалуына да алып бара жатқанын көреміз.

Жана айтып өткендей Ауғанстанды көрсетсек болады. 60-шы 70-ші жылдағы таяу шығыста осындай діни радикалдардың мемлекетті шайқалтқаны есімізде. Бізде 2010, 2013, 2017, 2020, 2023 жылдары, осындай 3 жылдық, 4 жылдықпен діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бағытында стратегиялық жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның ішінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының әріптесі ретінде мемлекет бір орталықтағы институтқа айналуына үлкен күш салды. Ағартушылық бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр және мемлекеттік органдар мен дінтанушы және осы ҚМДБ молдаларымен бірлесе отырып қоғамда діни экстремизмнің алдын алу бойынша әртүрлі ақпараттық түсіндіру жолдары, жүргізілуде.

Бұл жерде мен бір нәрсені айтқым келеді, ғылыми негізде мұны жасай алмадық. Ағартушылық бағыттағы зерттеулер де аз. Қоғамда матуриди, ханафи мәзхабтары туралы көп айтылады, бірақ оның мән-мазмұнын, оның эпистемологиясын, олардың айырмашылығын біздің қоғамда көп адам білмейді. Осындай көп кемшілік бар.

— Діни радикализммен күресуде білім мен сананың рөлі қандай?

— Діни радикализммен күресу жалғыз сол радикалдарды соттаумен немесе соларға қарсы уағыз айтумен ғана шешілмейді. Қоғамның жалпылама білім деңгейі, өмір сүру дағдысы, одан бөлек қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік жағдайдың да жоғары болуы маңызды. Қай жерде білім жоқ болса, сол жерде әлеуметтік жағдай, экономикалық жағдай төмендеп кетсе, радикал дін барлық нәрсенің құтқарушысына айналып кетеді. Білім саласы қоғамда дінді ұстанса да, ақыл және ғылыммен дінді қатар алып жүретін азаматтар көбейеді деп есептеймін.

«ӘЙЕЛДЕРДІ КЕМСІТУ ХХІ ҒАСЫРДА ҚАНША ЖЕРДЕН ДІНДАР БОЛСАҢЫЗ ДА АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ»

— Діни радикализмге қарсы тұрудағы діни көшбасшылар мен қауымдастықтардың рөлі туралы осы тұста айта кетсеңіз.

— Радикализмге қарсы тұруда діни көшбасшылардың рөлі маңызды. Біздегі имам, молдалар әлеуметтік желіде өте белсенді болып кетті. Солардың уағыз-насихаттарының қаншалықты ағартушылық мәні бар? Шынымен де олар халықтың көзін ашып жатыр ма? Осындай мәселелер мені алаңдатады.

Мен кейбірін қарадым. Бірақ демократия туралы, мемлекет туралы түсініктері өте кертартпа, орта ғасырлық, патша құдайының жердегі көлеңкесі деген наративті сол күйі қолданады. Әйелдерді қисық қабырғадан жаратылған деп орта ғасырдағы түсінікті сол күйі айтып отыра береді. Әйелдерді кемсіту ХХІ ғасырда қанша жерден діндар болсаңыз да ақылға сыймайды.

Діни көшбасшылар “бүкіл азғындық, бүкіл жаманшылықтың бәрі батыстан келіп жатыр” деп өздерінше үлкен көлік мініп алатын молдалар көбейіп кеткен. Демократияны тек қана гомосексуализм мен азғындықпен байланыстыра беруге де болмайды. Адам құқықтары, теңдік, есеп беретін үкімет, әділ сайлау жүйесі деген ұғымдарды білмейді молдалар. Себепті патша құдайының жердегі көлеңкесі діни радикализмді керісінше кертартпа қылмай, өздері туғызуы мүмкін. Сондықтан молдалардың кішкене білімін көтеру керек.

— Қазіргі таңда діни радикализмге қарсы тұруда қандай қиындықтар бар?

— Егер нақты жолын білсе ешқандай қиындық жоқ. Алдымен, халықтың көзін ашумен айналысу керек. Сосын діни радикализмнің алдын алуға деп таңдалған мамандардың өздері кей тұста радикал болмаса да, өте фундаменталь, кертартпа, обускрантизм, яғни, діни қараңғылықты жаятын адамдарға айналып кетіп жатыр. Сондықтан бізге модернизм және заманның шарттарын ақылға салып ойланатын мұсылман кейпін қалыптастыру керек. Жаңа заманға сай шешім іздейтін дін мамандарын қалыптастыру қажет.

Соның ішінде бізде дәстүр бар. Джадидизм деген болған, татар зиялыларынан Уфа, Троицк секілді қалаларда біздің Алаш зиялыларының көпшілігі оқыған. Сол Алаш зиялыларының демократиялық қоғам қалыптастырып, ұлттық мемлекет құру идеалдары мен Ислам идеалдарын ұштастыра отырып, оң бағытта білім алуына жағдай жасап, дұрыс түсінуіміз керек.

Дін деген тек қана “анау ширк болады, мынау ширк болады” деп соның айналасында ғана талқылау, бас қатырып екіге бөліп алып, жаға жыртысу емес. Дін деген үлкен моральдық құндылық, Еуропада да көптеген елдерде де дін адамның құқықтарының негізі ретінде қалды. Діни сенім бостандығы деген ұғым бар, сенімсіз нәрсе болмайды. Кез келген жерде, екі адам арасында қарым-қатынаста да, бизнес жасасаңыз да сенім деген нәрсе маңызды. Құдайға сеніп, құдайға жалбарынып, психологиялық іштей тұрақтылық тауып дін арқылы өзінің өмірінің моральдық өлшемдерге сай өмір сүретін адамдар әрдайым болады. Бірақ, соның бір прогресивті, позитивті мағынада ауысуы қажет деп есептеймін. Сол үшін ақыл болмаса дін радикализм, фундаментализм туғызбай қоймайды. Сондықтан сенімге негізделген дүниетаным формасы болса да дінді ақылмен қабылдау керек.

Құдайды тануды, дінді түсінуде уахимен бірге ақыл екеуі эпистемологиялық тұтастықта болу керек. Мысалы, құран үкімдерін, діннің бұйрықтарын ақыл толмаған жас балаға үйретпейсіз немесе ақылы жоқ, туғаннан кемістігі бар жындыға немесе жынданып кеткен адамға діннің бұйрықтары міндет болмайды ғой. Сондықтан ақылмен түсіну керек көп нәрсені. Бізде дінде ешқандай ақыл жоқ. Ақылға салса адасып кететін, ақылға салса болмайды дейтін бір кертартпа түсінік бар. Керісінше, дүние істерін емес дін істерін түсінуде ақылға көбірек мән беру керек. Өйткені, құрандағы көптеген аяттарда да «ақылға салып ойланбайсыңдар ма, күн мен түннің ауысуына, желдің бұлттарды айдап алып келуіне, бал арасына, түйеге, басқада мәселелерге қарап, осының бәрін ойланбайсындар ма, ақылдарыңа салмайсыңдар ма», деп көп айтады. Бірақ мұсылман әлемінде ұмытылып қалған нәрсе, осы – ақылға салу. Сондықтан бәрін ақылға салу керек, сол кезде діни радикализм болмайды

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы