Біз Ресейден қорықпаймыз — Қошанов
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов шетелдік сарапшылардың мәлімдемесі алауыздық тудырып, елдің аумақтық қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, Қазақстан билігінің қалай әрекет ететіні туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс залында журналистер Ерлан Қошановқа Ресей президенті Владимир Путин мен федерацияны сынаған қазақстандықтардың бас бостандығынан айырылғанын еске салды. Алайда кейбір ресейлік сарапшылар Қазақстанға қарсы агрессивті пікірлері мен балағат сөздері үшін жазасыз қалады.
«Біз Ресейден қорқамыз ба, әлде оларға тәуелдіміз бе?», — деп сұрады БАҚ өкілдерінің бірі.
«Біз Ресейден қорықпаймыз және тәуелді де емеспіз. Біз тең құқылы тәуелсіз мемлекетпіз. Барлығы заңмен реттеледі. Екіншіден, Ресей азаматы болсын, басқа елдің азаматы болсын, шетелдіктердің Қазақстанға айтқан теріс пікіріне президент те, депутаттар да, Сыртқы істер министрлігі де жауап берді. Эфирде айтылған сөздер немесе журналистердің мәлімдемелері Ресей Федерациясының ресми ұстанымы емес. Бұл жеке адамдардың пікірі мен жауапкершілігі. Егер бұл әрекеттерде бізге қатысты заң бұзушылықтар болса, онда біздің Баспрокуратура өз талаптарын олардың Бас прокуратурасына жолдайды», — деп жауап берді Қошанов.
Мәжіліс спикері Қазақстанға қарсы агрессивті шабуылдар естіліп жатқан ресейлік саяси бағдарламаларды тарататын кабельдік операторлардың жауапкершілігіне де тоқталды.
«Егер заң бұзылса, олар жауапқа тартылуы керек. Егер сіздерде мұндай фактілер болса, бізге немесе құқық қорғау органдарына жолдаңыздар», — деді Мәжіліс спикері.
Бұған дейін әлеуметтік желіде «Вечер с Владимиром Соловьевым» атты Ресейдің мемлекеттік арнасында шыққан хабардан үзінді жарияланып, онда қатысушылар Қазақстанда да Украинадағыдай «нацистік» процестер басталуы мүмкін деп, «Украинадан кейінгі мәселе – Қазақстан» деп мәлімдеген.
23 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ресейлік федералды арнадағы сарапшының Қазақстанды «Украинадан кейінгі мәселе» деп атаған мәлімдемесін қатаң айыптады.
«Әрине, мен бұған дейін нацистік сынақтарды ешқашан кездестірмедім, себебі олар біздің елімізде жоқ. Біздің ойымызша, бұл біріншіден, Ресей билігінің ресми ұстанымы емес. Екіншіден, бұл Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі тығыз қарым-қатынасына нұқсан келтіреді. Үшіншіден, Ресей билігінің оған реакция білдіргені жөн деп санаймыз», – деді Василенко мәжіліс залында.