Абай облысында көз жұмған орманшылардың отбасыларына 7 миллион теңгеден беріледі

12 маусымда премьер-министр Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес барысында көз жұмған орманшылардың отбасына 7 миллион теңгеден төленетінін айтты. Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 11 маусымда кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта тарағанын айтты. Сөзінше, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталыпты.

Премьер-министр өз сөзінде төтенше жағдай себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылғанын және құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіргенін атап өтті. Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.

“Оған қоса Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 миллион теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық жоғарғы оқу орындары өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын екенін мәлімдеді. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.