Абай облысында мектептегі төбелестен соң бір оқушы өз өзіне қол жұмсады: Тағы екі оқушыны «жіп дайындап» қойған жерінен ата-анасы тапқан
Абай облысында мектеп оқушысы өз өзіне қол жұмсап, асылып өлгені туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар бір мезетте тағы екі оқушы да өз өзіне қол жұмсамақ болған, қуанышқа орай, оларды ата-анасы тез тауып алған. Ақпаратты облыстық білім басқармасының баспасөз өкілі растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға туралы журналист Ирина Советжан өзінің Facebook парақшасында жазды. Ол қайтыс болған оқушының туыстары жіберген видео мен хатты жариялағанын жеткізген.
Ақпаратқа сүйенсек, оқиға қарашаның 14-і күні болған. Туыстары жолдаған хатта 11 қараша жұма күні «разборка» болып, бір баланың мұрны сынғанын, бірақ оны аттан құлаған деп мектеп директорымен келісім жасағаны айтылады.
14 қараша дүйсенбіде таңғы 7:30-да өз өзіне қол жұмсаған оқушы үйінен мектепке шығады, ал 7:45-те мұғалім анасына қоңырау шалып, жұма күні төбелес болғанын және баланы іздеу керек екенін айтады. Алайда әкесі баланың денесін отын қорадан табады.
Сондай-ақ тағы екі оқушыны мұғалім мен ата-анасы қорада тығылып, «жіп дайындап» отырған жерінен табады. Марқұм оқушының туыстары үш жағдайдың бір уақытта болғанын айтқан.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз өкілі Ақжігіт Абзалбекұлы бұл ақпаратты растап, әзірге нақты ақпарат айта алмайтынын жеткізді. Сөзінше, бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатыр екен.
«Біз өз тарапымыздан міндетті жауапты ұсынамыз. Әзірге басқарма ақпаратты дайындап жатыр», – деп қысқа қайырды баспасөз өкілі.