Абай облысындағы өрт: президент қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрады

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрады. Мемлекет басшысы зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті, деп хабарлайды «Ақорда» Telegram арнасы.

«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын да атап өтті. «Зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалады.

Мен сіздерге уәде беремін. Президент жанынан арнайы қор құрылады. Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетемін. Түсінемін, сіз күйеуіңізден, асыраушыңыздан айырылдыңыз. Бала қалды. Сондықтан көмектесемін деп айттым. Жағдай шынымен де күрделі. Мен бәрін түсінемін. Мен басқа планетада тұрмаймын ғой. Мен сіздермен біргемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

kaz.nur.kz