«Абайды қорлаған қыз». Журналист Әлия Әшім Қарқаралыдағы бейнесінен соң мәлімдеме жасады

Журналист Әлия Әшім қоғамнан кешірім сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталына сідтеме жасаған  Altyn-orda.kz

Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалда танымал журналист әрі деректі фильм авторы Әлия Әшім Абай Құнанбайұлы мен оның жары Ділдәнің тұрған үйін көрсетіп жүріп, “Абай мен Ділдә неткен бөлме” деп әзіл айтқан. 

Әлия Әшім өзінің Facebook парақшасында ресми кешірім сұрап, мән-жайды түсіндіретін жазба жариялады.

“Сіздер — менің рухани ұстаздарым, аға-әпкелерім, халқым. Өздеріңізден «Абайды қорлаған қыз» деген атаумен танылу мен үшін ауыр әрі ойламаған жағдай болды. Осыған байланысты шын жүректен кешірім сұраймын,” — деді журналист.

Ол Қарқаралыдағы видеодағы сөзіне байланысты әкесінің де ренжігенін айтып, видеоны орынсыз болғанын мойындады. Сонымен қатар, оған қатысты айтылған “қаралым үшін істеді”, “қаржыландырылған жоба” деген пікірлермен келіспейтінін жеткізді.

 “Менің мақсатым — ешқашан Абайды немесе қазақтың мәдениетін мазақ ету емес. Керісінше, тарихи сананы жаңғырту, жастардың ұлттық рухын көтеру жолында еңбек етіп жүрген адаммын,” — деп жазды ол.

Әлия Әшім өз командасымен

бірге осы уақытқа дейін ешқандай сыртқы не үкіметтік қаржыландырусыз “Қонаев дәуірі”, “Біз неге орысша сөйлейміз?”, “Желтоқсан” секілді тарихи-танымдық деректі фильмдер түсіргенін, сондай-ақ ел ішіндегі деректерді жинау мақсатында “Желтоқсан оқиғасына” қатысқан 40-тан астам азаматпен сұқбат жазылғанын атап өтті.

 

 “TikTok, Instagram секілді платформаларда осы тарихи тақырыптарды жастарға қызықты форматта жеткізуге тырысамыз. Сол себепті кейбір стильдер еркін болуы мүмкін. Бірақ бұл — ұлттық құндылықтарды құрметтемеу деген сөз емес,” — деді ол.

Журналист желіде дау туғызған видеодағы “құйрық-бауыр туралы ақпарат” нақты “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабынан алынғанын және видео астында сілтеме де болғанын айтты. Сонымен қатар, Талғат Рысқұлбековпен түсірілген фото болашақ жобаға сұқбат барысында жасалғанын нақтылады.

Жазба соңында ол қоғамды негізсіз айыптауға емес, жанашыр сын мен ортақ құндылықтарды сақтау жолында бірге әрекет етуге шақырды.

“Ниетімді жеткізе алдым деп сенемін. Қолдауларыңыз бен орынды сындарыңыз үшін алғыс айтамын,” — деп қорытындылады Әлия Әшім.