Адам жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмау үшін не істеуі керек: психолог кеңес берді

Жуырда Алматыда жер сілкінісі болды. Осыған байланысты психолог Индира Әшімхан Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Теледәрігер» бағдарламасында жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін әрі соның салдарынан туындаған психологиялық әсерден қалай арылып, тынышталуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Психолог Индира Әшімханның айтуынша, жер сілкінісінен кейін паникалық шабуылға бейім адамдар психотерапиялық курстан өткен жөн.

«Өйткені сізде сондай паникалық шабуыл болса, сіз оны келесі жер сілкінісіне дейін созып жүрмей психотерапиялық курстан өтіп алу керек. Себебі кез келген паникалық шабуылдың ішінде өте көп жиналып қалған үрей бар. Ол үрейлер өз бастауын кішкентай кезінен алады. Баланың тіпті 1 жасынан бері әр түрлі қорқынышы тамшылап жиналып қалған жағдайда құты толғандай болуы мүмкін. Одан кейін психика әрбір сондай сәтте паникалық шабуыл жасайды», – дейді психолог.

Одан кейін Индира Әшімхан міндетті түрде терең тыныс алып, өз-өзін тынышталдыру әдісімен бөлісті.

«Мысалы, сол жерде терең тыныс алып, шығаруын екі есеге арттыру керек. Үш секунд терең тыныс алып, алты секунд шығарған дұрыс. Бұны адамның кез келген жағдайда есінде сақтағаны, тіпті саусағымен санап тұрып істегені абзал», – деді Индира Әшімхан. Психологтың сөзіне сенсек, әркімнің өкпе көлемі әр түрлі, сондықтан адам қанша уақыт тыныс ала алса, сонша уақыт екі есе ұзақ дем шығару керек. «Егер бес секунд терең тыныс алсаңыз, 10 секунд шығару керек. Бұны бес рет жасасаңыз, сізге өте көп көмектеседі. Одан кейін тез-тез бетіңізді суық сумен жуып, құлағыңызды уқалау керек. Құлағымызды уқалау – миымызды, көңіл-күйімізді алдау үшін жасалады.

Бұл сізге қорқыныштарыңызды жеңуге көмектеспейді, дегенмен бұл алғашқы экстра-психикалық көмек түріне жатады», – деп қорытындылады ол.

kaz.nur.kz