«Әділетті Қазақстан» тек ұран болып қалмай ма?» Журналист Президентке үндеу жолдады

Altyn-Orda.kz сайтының бас редакторы Серік Мәлеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық үндеу жолдап, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының кейбір өңірлерде жүзеге аспай, саботажға ұшырап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Мәлеев өз үндеуінде Алматы қаласында жеке үйіне жапсаржай салу кезінде орын алған кедергілер мен құқық бұзушылықтар туралы айтып, мемлекеттік органдар мен жекелеген азаматтардың іс-әрекеттерін өткір сынға алды.
«Сіз «Әділетті Қазақстанды» құру туралы бастама көтерген кезде қоғамда үміт оты жанды. Бірақ жергілікті жерлерде бұл идея көп жағдайда немқұрайдылыққа немесе ашық қарсылыққа тап болуда», — делінген үндеуде.
Мәлеев Алматы қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Асламбек Ахмеджановтың 11 жылға сотталғанын мысалға келтіріп, бұл оқиғаны «жүйелі жемқорлықтың» көрінісі деп сипаттады. Оның айтуынша, Ахмеджанов мемлекеттік жерлерге жеке меншіктей қараған, жобалар мен рұқсаттарды «адалдық пен пара» негізінде таратқан.
«Сұрақ тек оның жеке басында емес. Оның маңайындағы шенеуніктер қайда қарады? Олар неге үнсіз қалды? Егер олар әлі де қызметте болса, бүгін сол ескі принциптермен жұмыс істеуін жалғастырып жатқан жоқ па?» — деп жазады бас редактор.
Серік Мәлеевтің айтуынша, 2024 жылы ол жапсаржай салуға ресми рұқсат алған. Алайда көршісі Татьяна Козырева тарапынан көптеген шағым мен қысымға тап болған. Оның шағымдарының негізінде сәулет басқармасы Мәлеевке эскиздік жобасын бекітуден бас тартқан. Мәлеев мұны «жүйенің ішіндегі таныстық пен ықпалдың» айғағы деп біледі.
«Сәулет бөліміндегі мамандар көршімнің сөзіне сүйеніп, рұқсат бермей қойды. Бұған қоса, Козырева полициямен бірге үйіме заңсыз кіріп, видеотүсірілім жасады. Бұл Конституцияның 18 және 25 баптарына қайшы әрекет», — дейді ол.
Мәлеев бұл жағдайдың өз денсаулығына да ауыр әсер еткенін айтады. Құқықтық қысым мен стресс салдарынан ол ауруханаға түскенін, тіпті дәрігерлер тік ішектің қатерлі ісігін анықтағанын жеткізді. Оның жұбайы да осы оқиғалардан кейін гипертониялық дағдарысқа ұшырап, ауруханаға жеткізілген.
«1937 жыл қайта оралғандай»
Мәлеев өз үндеуінде жеке оқиғасын отбасылық тарихпен салыстыра отырып, 1930–1937 жылдардағы саяси қуғын-сүргінмен параллель жүргізеді. Ол мұндай оқиғалар бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда орын алуы — өте алаңдатарлық жайт деп бағалайды.
Серік Мәлеевтің үндеуіндегі негізгі талап — әділеттіліктің тек декларацияда емес, нақты әрекетте көрініс табуы. Ол жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарындағы бассыздық пен байланысқа негізделген шешімдерді тоқтатып, азаматтардың құқықтарының шынайы қорғалуын сұрайды.
«Егер қарапайым азамат өз үйінде, өз жерінде қорғалмаса, онда «Әділетті Қазақстан» тек ұран болып қалмай ма?» — деп түйіндейді ол өз үндеуін.
