АЭС-ті кім салатыны 2025 жылдың бірінші жартысында белгілі болады

АЭС құрылысы бойынша үкімет құрған арнайы комиссия жұмысты жеделдетіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында консорциумға қатысушылар туралы шешім қабылданады. Бұл туралы   Altyn-orda.kz      Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып  хабарлайды.

“Бастапқыда 2025 жылы АЭС құрылысына қатысушыларды анықтаудың соңғы форматы туралы шешім қабылданады деп болжанған. Президенттің соңғы тапсырмасына сәйкес, комиссия бұл жұмысты жеделдетіп, жақын арада тиісті шешім қабылдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Келер жылдың бірінші жартыжылдығында қатысушыларды таңдау бойынша шешім қабылданады”, – деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Оның айтуынша, компаниялар Қазақстанға мерзім мен шығын тұрғысынан оңтайлы ұсыныстар жасау керек. 

“Қытайдың ұлттық ядролық компаниясы алты жылда Пәкістанда энергоблок салуы мысал болады. Қазір әлемде жылдам шешім шығару мүмкіндігі бар. Ал атом электр стансасын салу өте ұзақ процесс”, – дейді министр.

Оның сөзінше, негізгі әдіс-тәсілдерді жобалау – 3 жылға, ал құрылыс бас-аяғы 8-14 жылға созылады.

“Қазақстанға мұндай шарттар сәйкес келмейді. Яғни, біз өз жұмысымызды осылай ұйымдастыруымыз керек. Барлық озық халықаралық тәжірибені пайдалану үшін өз құзыреттерімізді дамытуымыз қажет. Жақын арада жобалауды, құрылысты және жабдыққа тапсырыс беру үшін осындай жоғары сапалы ұсыныстарды жасау үшін жеткізушілермен егжей-тегжейлі жұмыс істеу керек”, – дейді Алмасадам Сәтқалиев.

 

Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министріне атом электр станцияларын салу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған еді.

“Мемлекет басшысы референдумнан кейін атом электр стансасын салу үшін бірнеше елдің консорциумын құру жоспарын жариялады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда атом электр стансаларын салу консорциумын құру және оған қатысушылар туралы шешім құжаттама әзірленіп, мердігер мен жобалаушы туралы шешім 2025 жылы қабылданатынын атап өтті. Консорциум бес мемлекетпен шектеледі, яғни құрылысқа әртүрлі қосалқы мердігер компаниялар қатысады”, – дейді энергетика министрі.

Осыдан кейін Франция мен Қытай жобаға қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Ресей президенті «Росатомның» Қазақстандағы атом электр стансаларының құрылысына қатысуға дайын екенін айтқан еді.