«Әйеліммен ажырасып кеттім»: ерте қартайған атыраулық Нұржан Өркешбаев қайда жүр
Нұржан Өркешбаев – Қазақстандағы прогерияға шалдыққан жалғыз адам. Жастайынан қартайып, айықпас дертке шалдыққан Нұржан қазір Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында тұрып жатыр, деп жазады «Айқын» газетіне сілтеме жасаған Kaz.nur.kz
Бүгінде Нұржан әкесінің ізін жалғап, мал шаруашылығымен айналысуда. «Қалада шағын үйім бар. Бірақ ауылды жақсы көремін. Ауылдың ауасы таза әрі даласы кең. Қаладағыдай күні-түні тынбайтын шу жоқ. Әкеміз мал баққан кісі. Бүгінде марқұм болған әкемнің ізін жалғастырып отырған жайым бар. Оның үстіне, мал мінсек – көлік, сойсақ – соғым, сатсақ – табыс. Екі інім мен қарындасым бар. Қолымдағы інім отбасылы. Келінім – анамның көмекшісі.
Олардан өрген кішкентайларды иығыма мінгізіп, қызықтап жүремін. Кіші інім студент. Бауырларымның барлығы да өзімнің қамқорлығымда», – дейді Нұржан. Азын-аулақ қой-ешкі, одан қалды сиыр ұстап, шағын шаруашылықты жүргізіп отырған Нұржан мотоциклді де, көлікті де жүргізеді.
Арасында спортпен шұғылданады. Көп уақытын мал қараумен өткізеді. Алыс ауылда қоңырқай тірлік кешіп жатқан Нұржан өз өміріне риза, ешқандай өкініші жоқ екенін айтты. «Мен өзімді осындай ерекше күйімде қабылдадым. Дәл осы күйімде бақыттымын. Тек әкемнің өмірден өтіп кеткені қынжылтады. Қазіргі мақсатым – анамның барлық жағдайын жасау. Сол кісі мені, балаларын уайымдамаса деймін. Отбасындағы барлық шаруаға үйдің үлкені ретінде араласып, мүмкіндігіме қарай мәселелерді шешіп отыруға тырысып жүрген жайым бар», – дейді Нұржан.
Бір қызығы, Нұржан мал шаруашылығымен бірге өнерді де қоса алып жүр. «Тойларда ән айтатыным бар. Сұраныс көп түсіп жатады. Аптаның екі күнінде міндетті түрде тойда өнер көрсетемін. Бірде Атырау, Ақтау, енді бірде Ақтөбе жаққа тойға шығамын. Бастапқыда адамдардың маған тесіле қарағанынан қысылатынмын. Қазір үйреніп кеттім. Әр адам әртүрлі реакциямен қарап жатады. Мен оларды түсінемін. Сондықтан басқаларға ерекше бір назар аударып, өзімді бөлектеуге тырыспаймын. Тойға жұмыс деп қараймын. Барамын, әнімді айтамын, әрі қарай өз шаруаммен кетемін», – дейді Нұржан.
Осыдан біраз уақыт бұрын отау құрған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспаған. «Ажырасып кеткенімізге біраз болды. Бірақ үмітім бар. Менімен өмірімнің соңына дейін бірге болатын адамды кездестіретініме сенемін», – дейді Нұржан.
Ол шығармашылығын дамытуды түбегейлі қолға алуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Адам болған соң түрлі ой келіп жатады. Бірақ ештеңені ойламау керек. Себебі ауыр ой адамды жеп қояды. Одан да үнемі қозғалыс үстінде жүруге тырысқан дұрыс. Қай мәселенің де шешімі болады. Бастысы, адам алға ұмтылуы керек. Мен үнемі өзімді қамшылап жүремін. Соңғы кездері Ақтөбеден шығып жатқан әнші жігіттер тарапынан бейнебаянға түсуге ұсыныстар келіп жатыр. Осы бағытта өзімді дамытып, әндер жазып, бейнебаян түсіру жоспарда бар», – деді Нұржан.