Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Надежда Лушникованың өмірден өтуі – қазақ мәдениеті мен айтыс өнері үшін орны толмас қаза.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметінің мәліметінше, ақын 2026 жылғы 8 қарашада 85 жасында дүниеден озған. Бұл туралы жазушы Исмаилжан Иминов те әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.
Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алған.
Оның шығармашылық жолы 1958 жылы басталды. Алғашқы өлеңдері «Ленин жолы» газетінде жарық көрген. 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Ақынның шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсіріліп, «Айтыс» фильміне арқау болды. Кейін Жамбыл аудандық және Алматы облыстық айтыстарында бірнеше рет жеңімпаз атанды.
Надежда Лушникова тек айтыскер ақын ғана емес, жазба поэзияда да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның «Елім менің» және «Көңіл хошы» атты жыр жинақтары жарық көрді. Соңғы жинағы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды.
1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев музейін басқарды. Өмірін қазақ әдебиеті мен ұлттық өнерге арнаған ақынның есімі мен шығармашылығы ел жадында сақталмақ.
Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

