“Ақша қыстырмасаң қарамайды”: перзентханалардағы парақорлық жайлы шағымдар көбейді

Желіде қазақстандықтар мемлекеттік перзентханаларда босану кезінде қызметкерлерге ақша беруге тура келетінін қызу талқылады. Айтуларынша, медқызметкерлер қиналған әйелдерге жақсы жағдай жасап, қамқорлық таныту үшін көбіне қаражат дәметеді. Әйтпесе дөрекілік танытып, ауырған әйелдерге аса назар аудармайды екен. Stan.kz тілшісі кейіпкерлермен байланысып оқиғаларын сұрап білді деп хабарлайды Altyn-orda.kz

“Ақша қыстырмасаң қарамайды”: перзентханалардағы парақорлық жайлы шағымдар көбейді

Әлеуметтік желіде Аманбол Мұсаұлы есімді азамат мемлекеттік перзентханалардағы парақорлықтың әлі де тоқтамай тұрғанын жазды. Айтуынша, кесарь тілігін жасау үшін дәрігер 20 мың теңге сұрап, ақша таба алмаған әйелдің баласы шетінеп, жатырын алып тастауға тура келген.

Оның өзі де жұбайының босануы кезінде осындай жағдайға тап болған. Түнгі уақытта дәрігер жоқ болып, 11 сағат бойы әйеліне ешкім қарамаған. “Айтсақ, бәрі: ‘ақша бермесең қарамайды’ дейді. Білсек, беретін едік қой” деп жазды ол.

Бұл оқиға астында көптеген қазақстандықтар өз тәжірибелерін бөлісті.

Астана, Тараз, Алматыдағы әйелдердің шағымы бірдей:

дәрігерге тігіс үшін, акушерге көмегі үшін, медбикеге тамақ әкелгені үшін, санитарға сөмке көтергені үшін — бәріне жеке-жеке ақша беру “жүйеге” айналған.

Бір әйелдің айтуынша, Астанадағы перзентханада әр қызметкерге 10–20 мың теңге “беріп шығуға” мәжбүр болған.

Таразда босанған әйелдің туысы медбикелер әр тексерген сайын 2 мың теңгеден алып, екі күнде 60 мың теңге “жинайтынын” айтты.

Алматыдағы әйелдің айтуынша, қызметкерлер параны тікелей сұрамаса да, “Каспий нөмірін” емін-еркін айта береді.

Желі қолданушылары мұндай жағдайдың халықтың өзінен де басталатынын айтып, тегін қызметке ақы ұсыну басқалардың сапалы көмек алуына кедергі келтіретінін жазды.

Еске салайық, жақында Жамбыл облысында босанған әйел кесарь тілігі үшін ақша сұралғаннан кейін бір сағат өтпей баласынан да, жатырынан да айырылғаны хабарланған еді.