Әлемдік студиялардың 400 фильмі жыл соңына дейін қазақ тіліне аударылмақ

2025 жылдың соңына дейін TV+ платформасындағы қазақтілді контент қоры 400 жаңа фильм және мультфильммен толығады. Олардың қатарында әлемдік классикалармен қатар, Walt Disney секілді жетекші киностудиялардың соңғы жаңалықтары да бар. Бұл туралы Altyn-orda.kz «Қазтелеком» АҚ-на сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: «Қазтелеком» АҚ

Компанияның мәліметінше, қазақстандықтар қазақ тіліндегі контентті жиі таңдай бастады. Тек 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазақ тіліндегі фильмдерді көретіндер саны екі есеге жуық өскен: қаңтарда 35 мың болса, сәуірде 64 мыңға жетті.

Бүгінгі таңда TV+ платформасында Қазақстандағы ең ірі қазақтілді фильмдер, сериалдар мен мультфильмдер қоры қолжетімді — 1000-нан асады . Контенттің басым бөлігі қосымша ақысыз ұсынылады.

Қазақтілді контентке ерекше қызығушылықты отбасылар, әсіресе балалармен көрермендер танытып отыр. Ата-аналар баланың қазақ тілін тек мектепте ғана емес, үйде де естіп, қабылдауы үшін мультфильмдерді ана тілінде таңдауда.

«Қазақ тілін дамыту — стратегиялық бағыт. Біз тек фильм көрсетіп отырған жоқпыз — біз арманға, мәдениетке, құндылықтарға жол ашып отырмыз. Ана тіліміз цифрлық кеңістікте де толыққанды естілуі тиіс», — деді «Қазтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Балаларды қорғау халықаралық күніне орай компания Шымкентте 200 балаға арналған «Лило мен Стич» мультфильмін қазақ тілінде қайырымдылық көрсетілім ұйымдастырды.

Түркістан облысындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылынан тәрбиеші Гүлнара Сарсебаева айтуынша, ана тіліндегі сапалы контентке қол жеткізу аса маңызды:

«Бұл жай ғана ойын-сауық емес. Фильмдер арқылы балалар тілді үйренеді, мәдениетті сіңіреді, сенімділік қалыптастырады. Ал мазмұн түсініксіз тілде болса — бұл, әсіресе кішкентайларға, қауіп төндіреді».

2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша TV+ платформасында 918 мыңға жуық аккаунт тіркелген — бұл жарты миллионнан астам үй шаруашылығы.

Қосымшаны 428 мың адам жүктеген, ал жалпы орнату саны 1,5 миллионнан асқан.

Қазақ тіліндегі ең танымал фильмдер қатарында: «Бажа 2», «Көңілді шіркейлер», «Мулан. Аңыздың тууы» және «Тыйым».

Сондай-ақ маусым айында пайдаланушылар TV+ платформасының максималды жазылымына тегін қол жеткізе алады. Ол үшін MAUSYM_25 промокодын белсендіру қажет. Акция екі апта бойы жалғасып, қазақтілді контентті насихаттауға бағытталған.

Altyn-orda.kz