Әлеуметтік осал топтарға жататын қазақстандықтарға бизнес ашуға грант берілді

Қазақстанда әлеуметтік осал топтарға жататын 1,4 мыңнан астам адам өз ісін бастау үшін мемлекеттен 1,6 миллион теңгеге дейін (400 АЕК) грант алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) хабарлады, деп жазады Altyn-orda.kz.
Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі жандардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, сондай-ақ жұмыссыз жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы мен кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Гранттар жұмыспен қамтуды қолдау шаралары аясында беріледі және өңірлік жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асырылады.
Министрліктің мәліметінше, елде шамамен 111 мың мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді, бұл осы санаттағы еңбекке қабілетті адамдардың 30 пайызын құрайды. Тағы 25,5 мың адам «Бастау Бизнес», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» сияқты жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларына қатысуда.
Билік өкілдерінің бағалауынша, бұл бастама жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, әлеуметтік тәуекел аймағында тұрған топтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге де ықпал етеді.
Altyn-orda.kz










