«Алланың атын жамылып, құтылып кетті»: Танымал заңгер Сәкен Майғазиевтің қылмыс жасағанын ашық айтты

Атақты феминист әрі заңгер Айгерім Құсайынқызы әнші Сәкен Майғазиевке қатысты тың деректермен бөлісті. Оның айтуынша, «Музарт» тобының белді мүшесі Шымкентте қызмет атқарған уақытта заңсыз әрекеттерге барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

Танымал заңгердің сөзіне сенсек, соңғы уақытта біздің елдегі аудиториясы ауқымды медиа тұлғалар қандай да бір заңға қайшы, этикаға жат әрекет жасаған кезде жұрттан кешірім сұрамай, ақталып кетеді екен. Айгерімнің мұндай мәселеге келтірер дәлелі де бар көрінеді. 
Мысалы, 2021 жылы Сәкен Майғазиев «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының директоры қызметін атқарған тұста әлеуметтік желіде «музарттық» әншінің Наурыз мейрамына 565 миллион теңге жөнсіз жұмсағанын айтып, көпшілік айыптаған еді.  

 «Естеріңізде болса, Сәкен Майғазиев осыдан екі-үш жыл бұрын Оңтүстік өңірінде жақсы қызмет атқарды. Сол кезде оның мемлекеттік тендерге байланысты мемлекеттің қаражатын дұрыс емес жұмсау бойынша facebook желісінде бірнеше журналист зерттеу, дәйек көрсеткен кезде ол кісі не істеді, оңтүстік халқынан кешірім сұрады ма? «Иә, мен сендердің қаражаттарыңды байқамай жеп қойыппын» деп айтты ма? Жоқ! Ол кісі: «Менің аузымда Алласы бар адаммын. Алла өзі көріп тұр, кешірсін» деді. Яғни, осы кезде біз өзіміздің құқықтық мемлекет екенімізді ұмытып кетеміз. Сіз Алладан кешірім сұрадыңыз, иә. Ол сіздің дініңіз. Алланың алдында сіз өзіңізге жауап бересіз. Бірақ заңсыз әрекетіңіз үшін сіз неге Алланың атын жамылып, құтылып кетуіңіз керек? Неге біз заңсыз әрекеттерді ақтау кезінде ғана дінге жүгінуіміз керек?», – деді Айгерім Құсайынқызы. 

Заңгер Сәкен Майғазиевке қатысты даудың аяқсыз қалғанына аң-таң. 

«Меніңше, онымен құқық қорғау органдары айналысу керек еді. Неге жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын мен өзім де түсінбей қалдым. Яғни, «менің аузымды Алла болса, мен заңсыз әрекетке барып, кейін құтылып кетемін» деген жастар арасында көзқарас пайда болады. «Мен әрекетсіздікке барамын, менің аудиториям үлкен, мен – Сәкенмін, мен – «Музарттың» әншісімін, кейін халық ұмытып кетеді. Себебі халық мені жақсы көреді» дегендей… Бұл барып тұрған нағыз ұлтқа жасалған қиямет, қылмыс деп есептеймін, жеке басым», – деді заңгер. 

Сондай-ақ Айгерім Құсайынқызы әнші Сәкеннің мемлекеттік тендерді ұйымдастыру барысында қандай әрекетке барғаны туралы ғаламторда ашық деректердің барын айтты. 

«Оның мемлекеттік тендерді ұйымдастырған кезде туыстық қарым-қатынастағы өзінің қайын інісіне қаражатты заңсыз аударғаны туралы деректер интернетте жеткілікті. Ол кісі өзі ол қызметтен кетіп, «аузымда Алла бар» деп айтса да, интернет еш нәрсені ұмытпайды. Яғни, ол бәрібір халықтың жадында қалады. Бұл жағдай кейбір адамдардың Сәкенге, «Музартқа» деген көзқарасын өзгертті деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде қылды қақ жарып, ақиқатты айтатын мен емес, құқық қорғау органдары», – дейді феминист. 

Сондай-ақ ол бұл сұхбатында мәжілісмен Ардақ Назаровтың кезекті депутаттық сауалын «қарапайым сауатсыздыққа» баласа, 2021 жылы әйелдер митингіне қарсы шыққан Бекболат Тілеухан мен Алтынай Жорабаеваға жауап берді
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.