Алматы қаласы әкімінің жаңа орынбасарының кім екені белгілі болды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Алмасхан Сматлаев тағайындалды. Тиісті шешім қала әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен қабылданып, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілді деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Сматлаев қаладағы экология, энергетика, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларына жетекшілік етеді.

36 жастағы жаңа орынбасар-әкім Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетін және АҚШ-тағы Блумсберг университетін бітірген.

Мамандығы – «экономика», «халықаралық экономика», «қаржы және несие».

Сондай-ақ мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие.

Алмасхан Сматлаев еңбек жолында Еуразиялық экономикалық комиссияда, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде түрлі қызметтер атқарған, сондай-ақ бірінші орынбасар-әкім болған. 2023 жылдың тамызынан бері ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.