Алматы облысында ауыз су тарту жобаларына 27 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған
Облыс басшылығының басты міндеттерінің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл жайында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев брифингте айтты.
«Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған саладан басқа, облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салалар туралы да сөз етті.
«Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елдімекеннің 147-сі газдандырылды. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елдімекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді», — деді әкім.
Аймақ басшысының сөзінше, жылдан жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.