Алматы облысында екі АЭС салу жоспарлануда

Электр энергиясына деген тапшылықтың артуына байланысты Қазақстан атом генерациясын кеңейтуге дайындалып жатыр. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, Алматы облысының Жамбыл ауданында атом электр станцияларын салу үшін екі алаң таңдалған деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік өңірлері электр қуатын солтүстіктен тасымалдауға тәуелді. Энергия транзит жүйесі арқылы жеткізіледі, бұл өз кезегінде энергиямен қамтудың тұрақтылығын төмендетеді. Сондықтан аймақта АЭС салу ішкі қажеттілікті жабуға және энергетикалық тәуелсіздікті арттыруға жол ашпақ.
Әзірге әлеуетті мердігерлермен келіссөздер жалғасуда.
Байқаудағы басым үміткер ретінде Қытайдың CNNC компаниясы аталғанымен, түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сонымен қатар, Үлкен кентіндегі алғашқы жобаның бас мердігері ретінде Ресейдің «Росатомы» бекітілді.
Бұған дейін АЭС-ті Абай облысының Курчатов қаласында салу мүмкіндігі қарастырылған, алайда жоба бағалау кезеңінде тұр. Уран қоры мол Қазақстан біртіндеп өз энергетикалық стратегиясында атомдық бағытты күшейтуде.
Altyn-orda.kz
