Алматыда 1500 орындық заманауи мектеп ашылды

Алматы қаласының Алмалы ауданында ең заманауи мектептердің бірі – 1500 оқушыға арналған жаңа білім беру орталығының құрылысы аяқталды.

Жаңа нысан Райымбек даңғылы 210/2 мекенжайында (Ауэзов көшесінің қиылысы) орналасқан және ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Аталған мектеп аудандағы орын тапшылығын шешуге бағытталған маңызды жауап болды: сарапшылардың бағалауынша, мұнда шамамен 1400 оқушы орны жетіспеген.

Мектеп туралы не белгілі:

  • Үш қабатты, жалпы ауданы – 16 мың шаршы метр

  • Бұл – стандартты мектептерден 15–20 % артық

Оқу ағыны бөлінген:

  • Бастауыш сыныптар – жеке блок, жеке кіреберіс пен спортзалдары бар

  • Орта және жоғары сыныптар – бөлек блокта

  • Орталық бөлігінде – 326 орындық асхана мен акт залы орналасқан

Оқу кеңістігі 8 функционалдық блокқа бөлінген. Оған әкімшілік бөлік, алғашқы әскери дайындық алаңы, футбол және волейбол алаңдары кіреді.

“Барлық инженерлік желілер тартылды, қажетті құрал-жабдықтар – парталар, компьютерлер, интерактивті тақталар орнатылды. Мектеп оқушыларды қабылдауға толық дайын”, – деді құрылыс компаниясының басқарушы директоры Ербол Турайсов.

Қауіпсіздік, инклюзия және жайлылық:

Жаңа білім ордасы заманауи қауіпсіздік және қолжетімділік стандарттарына сай:

  • 4 спортзалы

  • STEM-зертханалар мен робототехника аймақтары

  • Кітапханалар мен коворкинг кеңістіктер

  • Арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін лифтілер мен пандустар

  • Әр қабатта ішуге арналған су бұрқақтары

  • Оқушыларға арналған жеке шкафтар

  • Бейнебақылау жүйесі мен дабыл түймелері

Қашан ашылады?

Мектеп құрылысы небәрі 15 айда аяқталды. Қазіргі таңда рұқсат құжаттары рәсімделіп жатыр. Тамыз айында өтініштерді қабылдау басталып, алғашқы қоңырау 2025 жылғы 1 қыркүйекте соғылады.

Бұл жоба Қазақстан Президентінің тапсырмасымен мектеп инфрақұрылымын реформалау аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – көп ауысымды оқытуды жою және апатты жағдайдағы мектептерді пайдаланудан шығару.