Алматыда ер адамдар тобы 18 жастағы жігітті кафе алдында аяусыз соққыға жыққан

Алматыда түнгі уақытта болған жантүршігерлік оқиға жұртшылықтың наразылығын тудырды. Төле би көшесіндегі «Шашлыкоф» кафесінің алдында 18 жастағы жігітті бір топ ер адам аяусыз ұрып-соққан. Оқиға 11 қазаннан 12 қазанға қараған түні шамамен сағат түнгі 1:00-де болған, деп хабарлайды   Altyn-orda.kz  .

Куәгерлердің айтуынша, жастардың арасында бастапқыда сөзге келіспеушілік туындаған, кейін оған араласқан мас күйдегі 15–20 шақты ер адам жағдайды ушықтырып жіберген. Олар жігітті жерге жығып, басынан және денесінің әртүрлі жерінен соққыға жыққан. Бірінші соққыдан кейін ол есінен танып қалғанымен, шабуылшылар ұруды тоқтатпаған.

Жәбірленушінің анасы әлеуметтік желі арқылы әділдік сұрап, оқиға туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, баласының мұрны сынған, ерні жарылған, басынан ауыр жарақат алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Олар 18 жастағы балама он шақты адам жабылды. Бірінші соққыдан кейін ол есінен танып қалған. Бірақ бәрібір ұра берген. Мен әділ тергеу жүргізілуін және барлық кінәлілердің жазаланғанын қалаймын», — деді зардап шегушінің анасы.

Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір үш күдікті ұсталып, олардың кім екендігі мен әрекеттерінің себептері анықталып жатыр. Қалған қатысушыларды анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кең талқыланып, қала тұрғындары тарапынан ашу-ыза тудырды. Көпшілік құқық қорғау органдарынан істі қатаң бақылауға алып, қатысушыларды әділ жазаға тартуды талап етуде.

Құқық қорғаушылар мұндай жағдайлардың жиілеп кетуі қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін нығайту қажеттігін еске салып отыр.