Алматыда полиция Мұхтар Тайжанды үйінен ұстап алып кетті
Алматыда полиция қоғам белсендісі, белгілі кәсіпкер Мұхтар Тайжанды үйінен ұстап алып кетті. Бұл жөнінде «Халық парламенті» өкілінің өзі мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қоғам белсендісін Қылмыстық кодекстің 488 бабы (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) бойынша ұстаған.
Тайжан сонымен қоса үйіне полицияның келген сәтін көруге болатын бейнежазбаны қоса жариялаған.
«Достар, полиция үйіме келіпті, 488-баппен әкетіп бара жатыр. 9 сәуірде ұйымдастырған митингім үшін. Алаңдамаңыздар, мен жауапкершілікке дайын екенімді айтқанмын», — деп жазды ол.
Еске салайық, 9 сәуірде «Халық парламентінің» өкілдері митинг өткізіп, мәжіліс және мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар мен өзге де белсенділер сайлау нәтижесін жоюды талап еткен.
Митинг үшін жауапкершілікті саяси белсенді Рысбек Сәрсенбайұлы да өз мойнына алатынын айтқан еді. Әзірге оның ұсталғаны туралы ақпарат жоқ.