Алматыда Владимир Жириновскийге ескерткіш орнату жоспарлануда

Ресейде ЛДПР негізін қалаушы Владимир Жириновскийге 80 жыл толуына орай ескерткіштер орнату мәселесі талқылануда. Мұндай ескерткіштің орнатылуы мүмкін орындардың бірі – Алматы. Ресей президенті Владимир Путин осы мерейтойды атап өту туралы жарлыққа қол қойғанын Altyn-orda.kz Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: dunma.gov.ru, бейне редактор Дастан Шанай
2026 жылы Жириновскийге арналған ескерткіштер Ресей мен Қазақстанның бірнеше қаласында, соның ішінде Алматыда да орнатылады деп күтілуде. Жоспарланған іс-шаралар аясында 2026 жылдың наурыз-сәуір айларында Мордовия Республикасының Саранск қаласында ескерткіштің салтанатты ашылуы өтеді. Сондай-ақ, сол жылдың сәуір-мамыр айларында Ресей мен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде басқа да ескерткіштер орнатылады.
Құжатта саясаткердің «кіші отаны» – Алматыда ескерткіш ашу жоспары бар екені айтылған. Владимир Жириновский 2022 жылы 75 жасында қайтыс болды. 2024 жылдың қараша айында Путин саясаткердің 80 жылдығын 2026 жылы атап өту туралы жарлыққа қол қойған. Бұл шараларды Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин басқармақ.
«Курсив» Алматы қаласы әкімдігінен ескерткіш орнату туралы түсініктеме сұрады. Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылы Қазақстан билігі Жириновскийді елге кіруге тыйым салынған тұлғалар қатарына енгізген болатын. Бұған оның Қазақстан, қазақ тілі және жазуы туралы айтқан қорлайтын сөздері себеп болған.
Altyn-orda.kz
