Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин көшесіне ауыстыру ұсынылды

Әлеуметтік желіде белсенділер Алматыдағы Абдулла Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин атына ауыстыруды ұсынып жатыр, — деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап .
Бұл бастаманы желі қолданушысы Бота Дн Facebook-тегі жазбасы арқылы жеткізді. Ол жазушының еңбектері насихатталып, есімі ел арасында айтылып жүретіндей болуы керек дейді.
«Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне, мысалы, ұзындығы 7000 метр Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар. Розыбакиев деген ұлтқа қандай еңбегі сіңгені белгісіз біреу», — дейді ол.
«Бүгінгі істейтін жұмысты ертеңге қалдырмау керек»
Сондай-ақ белсенді Алматыда Мағауин орталығын ашу керектігін айтты. Аталмыш бастама келесі ғасыр жетегіне кетпей, «темірді қызған кезінде соқтыға» басып, жақын арада іске асырылсын дейді ол.
«Жарқыратып Мағауин орталығын аштырсын. Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей, көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын. Кітабын қолына ұстап көрмеген ақ, қара, сары нәсілділер «бұл кім екен» деп, ең құрымаса википедияны ашып қарауы сөзсіз, ары қарай қызығып оқып, санасынан саңылау ашылуы да мүмкін. Насихатталсын. Мұхтар Мағауиннің әрбір сөйлемі өз алдына өмір сүре алатын қанатты, мағыналы. Мектеп оқу бағдарламасына енгізіліп, талданып, оқытылсын. Өшпес еңбектері экрандалсын. Қатты толғанғандардың ішінде билікте болған, жақын жүргендер де аз емес. Демек, көпіре салмай, шындап, құлшына кіріссе, іске асыруға болатын шара. «Темірді қызған кезінде соқ» дейді ғой, бүгінгі істейтін жұмысты ертеңге қалдырмау керек. Сиырқұйымшақтанып кетіп, Жаңа Қазақстанды құрып жүргенде, ХХ ғасыр еншісіне қалып кетер», — деп бөлісті белсенді.
Жастардың қолдауы
Белсендінің ойын өзге журналистер мен жас белсенділер де қолдай кетіп, желіде жазба жариялап жатыр. Журналист Дастан Қастай да Мағауиннің есімін ұлықталуын, Алматыдан көше берілуін қолдайтынын айтып, ұсынысты іске айналдаруға шақырды.
«Алматыда әйгілі жазушы, тарихшы, ғалым Мұхтар Мағауинге көше беру туралы пікір айтады. Меніңше, өте-мөте дұрыс ұсыныс. Ұлтымыздың тарихын түгендеп, қилы кезеңнің өларасынан аса бай рухани орамымызды, бағалы бедерімізді аршып алған Мұхтар ата Мағауин атындағы көше жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, қоғамдық қозғалысқа, өз қаламыздың тарихи мазмұнын байытуға әбден лайық! Аталмыш ұсынысты қолдаймын және қолдауға шақырамын!», — деп жазды ол.
Пікірлер бөлімінде де көпшілік ұсынысқа қолдау білдіріп, ойларын ортаға салды.
