Алпыстан астам дрон Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуыл жасады.

Украина Қарулы Күштері түнде Ресейдің алты өңіріне жаппай шабуыл жасады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Мәскеу облысында 69 дрон атып түсірілді.

Mash мәліметінше, түнгі сағат бір шамасында Украина Қарулы Күштері Курск пен Курчатовқа алғашқы дрондар легін жіберді. Жергілікті тұрғындар кемінде бес жарылыстың дауысын естігенін айтты.

Бұған дейін Украина әскері Himars зымырандарымен Белая слободасындағы «Добрыня» сауда орталығына соққы жасаған, салдарынан 4 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды.

Көп ұзамай жарылыстар Рязань үстіндегі аспанда да естілді.

Жергілікті тұрғындар кемінде 10 жарылыс болғанын хабарлады. Дүмпу салдарынан үйлердің қабырғалары мен терезелері дірілдеп, көліктердің дабыл жүйелері іске қосылды.

Кейінірек Липецк, Брянск және Белгород облыстарында әуе қорғаныс жүйелерінің (ПВО) жұмыс істегені туралы мәліметтер түсті.

Таңғы бес шамасында Мәскеу маңындағы Раменск ауданында дрондар атып түсірілді. 4:49-да Мәскеудің Жуковский әуежайында «Ковер» жоспары енгізілді. Одан кейін Домодедово, Нижний Новгородтағы Стригино және Шереметьево әуежайларында да осындай шаралар қабылданды.

Кейінірек Украина Қарулы Күштерінің бір дроны Мәскеу маңындағы Раменск ауданындағы тұрғын үйге соққы жасағаны белгілі болды.

Жарылыс толқыны ғимараттың жоғарғы қабаттарындағы терезелерді сындырды. Дронның бөлшектері 10-15 метрге дейін шашырап кетті.

Таңғы 6:25-те Украина дроны Мәскеу облысы Раменск ауданындағы Софьино ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйге соғылды. Соның салдарынан өрт басталды. 6:30-да украиналық дрон Мәскеудегі Домодедовская көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге тиді.

Mash хабарлауынша, Украина дрондарының Мәскеу аймағына жаппай шабуылынан кейін бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды. Бұл туралы облыс губернаторы Андрей Воробьев мәлімдеді.

Сондай-ақ Раменскідегі көпқабатты тұрғын үйге дрон бөлшектері құлағаны хабарланды. Сол жерде 19-22-қабаттардағы кемінде жеті пәтер зақымданған. Онда 12 адам, соның ішінде 3 бала эвакуацияланды.

Оқиға орнында төтенше қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр.

«Қорғаныс министрлігінің әуе қорғаныс күштері қазіргі уақытқа дейін Мәскеуге бағытталған 69 жау дронын атып түсірді. Қажетті қызметтер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», — деп жазды Мәскеу мэрі Сергей Собянин өзінің Telegram-арнасында.