«Апаттық сигнал қосу арқылы «рақмет» айтқаны үшін айыппұл»: Алматы полициясы желідегі видеоға пікір білдірді

Telegram-дағы Kozachkov offside арнасында жүргізушіге «алғыс» ретінде апаттық сигнал шамын жаққаны үшін айыппұл салынғаны туралы видео пайда болды. Алматы полициясы бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды     Altyn-orda.kz     KAZ.NUR.KZге сілтеме жасай отырып

«Алматы полиция департаменті әлеуметтік желіде жүргізушіге «алғыс» ретінде апаттық сигнал қосқаны үшін айыппұл салынғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды», — деді полиция өкілдері.

Ведомстводағылар видеодағы жүргізуші төтенше жағдай туғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. «Қазақстан азаматы E-otinish порталы арқылы Полиция департаментіне Назарбаев даңғылы бойында оң жолақтан солға ауысып, төтенше жағдай туғызған жүргізушіге шағымданды. Ол құқық бұзушыға қатысты шара қолдануды өтінген. Тексеру барысында жүргізуші анықталып, жергілікті полиция қызметіне шақырылды. Қарастыру қорытындысы бойынша оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 606-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды», — делінген полицияның жауабында.

Апаттық сигналға келер болсақ, полиция департаменті өкілдері жүргізуші расында да инспекторға оны пайдалану ережелері туралы сұрақ қойды дейді. «Алайда полиция қызметкерінің жауабы видеодан қиылып жарияланған. Сондықтан бейнежазбада ол орынсыз жауапкершілікке тарту себебі ретінде көрсетіліп, жұртшылықты адастырды.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты таратпастан бұрын оның дұрыстығын тексеруге шақырады», — деп қорытындылады ведомство өкілі.