«Арабқұлдар»: Құран сүйемелдеуімен ұзатылған хиджабтағы қыз жұрттың ашуын туғызды
Әлеуметтік желіде Құран дауысымен ұзатылып бара жатқан қалыңдықтың видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көпшіліктің наразылығын туғызған бейнежазбаға зер салсақ, хиджаб киген қалыңдық Құран дауысымен ұзатылып бара жатыр. Әдетте қалыңдық сыңсу айтып, туғандарымен қоштасады, болмаса өнер жұлдыздары әнмен шығарып салады. Бейнежазба үш мыңнан астам лайк, төрт жүзден астам пікір жинады.
Бұл үрдіс қазіргі қоғамда қалыпты дүние болмағандықтан болар, бейнежазба жұрттың ашуын туғызды.
“Жаназасын шығарып жатыр ма?”, “Құлшылықтың да өз орны бар”, “Өлген адамды Құранмен шығарып салмай ма? Бұл той емес пе?”, “Қазақтын мағыналы әндерін, ұлттық киімін, дәстүрлерінің быт-шытын шығарды, арабқұлдар”, “Ойларына не келсе, соны істейтін болды ғой”, “Нағыз адасу”, – деп жазды желідегілер.
Бірақ желі қолданушыларының арасында қалыңдықтың өзге әулетке қасиетті Құранның дауысымен аттанғанын дұрыс деп санайтындар да табылды.
“Жын-ойнақтан көрі осы дұрыс”, “Әр бір күніміз бен түніміз осылай құлшылықпен өту керек”, “Аллаһтан қорқыңдар, салауатты жоқа шығарамын деп жоғалып кетпеңдер”, “Салауат айтып жатыр”, “Құранның бір аятын білмейсіңдер, есесіне комментарийді өлтіресіңдер”, “Хиджаб кию – парыз”, – деп хиджабтағы қалыңдықты жақтағандар да жетерлік.