Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының № 2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және басқа да іс фигуранттарына қатысты үкім шығарды.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», — деді судья Бағлан Ыдырысов.
Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды.
Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Айта кетсек, Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді.
Тергеу бір жылға созылды. Тергеу мәліметінше, біраз жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.