Арыстық оқушы әлемнің үздік 30 университетінен шақырту алды

Арыстық оқушы Ерасыл Жүнісбек әлемнің үздік 30 университетінен шақырту алды, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ерасыл Жүнісбек – Арыс қаласында орналасқан Абай атындағы «Білім инновация» ер балалар лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Ол шақырту алған үздік университеттердің қатарында City University of Hong Kong, American University of Beirut, University of Colorado Boulder, Drexel University, Temple University, DePaul University, Xavier University сынды АҚШ-тың жоғарғы оқу орындары бар.

Сондай-ақ Ұлыбританияның University of Leeds, Queen Mary University of London, University of Glasgow сынды білім ордалары арыстық оқушыны өз қатарларынан көргісі келеді.

«Ерасылдың табысы біздің лицей оқушыларының әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп, болашақ түлектерге үлкен жігер сыйлайды. Бұл – қажырлы еңбектің, білімге деген құштарлықтың және табандылықтың нәтижесі. Ерасылды осы керемет жетістігімен құттықтаймыз. Алдағы уақытта биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!» — дейді сынып жетекшісі Мақсат Темірхан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚазҰУ-дың жас ғалымы Оксфорд университетінен шақырту алған еді.

Сондай-ақ робототехникадан әлем чемпионы болған қазақ баласына Пенсильвания университеті қызығушылық танытқанын жазған едік.