Әсел Асқарды соққыға жыққан спортшы қамауға алынды
Отандық блогер Әсел Асқар күні кеше спортшының өзіне қол көтергенін айтып, шағымданған болатын. Айыпталушы 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласының сотында Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ұсақ бұзақылық дерегі бойынша күдіктіге қатысты әкімшілік істі қарады.
“Сот биыл тамыз айында қаладағы фитнес клубта жанжал шығарып, жәбірленушіге құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтқанын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған азаматты анықтады. Сот отырысында күдікті іс материалдарында баяндалған деректерді растап, өз кінәсін мойындады”, – делінген хабарламада.
Сот қаулысымен айыпталушы ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған әкімшілік жаза тағайындалып, 15 тәулікке қамауға алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, блогер Әсел Асқар фитнес клубта белгісіз ер адамның өзін соққыға жыққанын айтып, полицияға шағымданған болатын.