«Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы — Нөл» — қоғам белсендісі Шолпан Ғаббасова
Қоғам белсендісі Шолпан Ғаббасова Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне қатысты азаматтық пікір білдірді. Автордың айтуынша, ассамблея өкілдері Қазақ елінің басына түскен сын шақтарда бұғып қалып, қазақ тілі мен қазақ топырағына қатысты тартысты тақырыптарда жұмған аузын ашпай келеді, деп жазды «Адырна» ұлттық порталы.
Фейсбук әлеуметтік желісінде Шолпан Ғаббасованың ассамблеяға қатысты азаматтық пікірі тарады. Қазақ елі азаматтарының дені ассамблеяның таратылуын қалайды. Бұл жайлы автор:
— Ассамблеяның құрылғаннан бергі жұмысы нөл деп есептеймін. Ассамблея этностары өздерін, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін жарнамалаумен ғана айналысты. Әрине, қазақ ретінде ол маған қызық. Бірақ, Қазақстандағы ешбір этнос өз этносы ішінде қазақ тарихын, тілін, салтын ұлықтауға, қазақ ұлтының мемлекетті құраушы ұлт екенін, елдің де, жердің де иесі қазақ ұлты екенін мойындауға, Қазақияда қазақтар ана тілінде жауап алуға, ана тілінде қызмет көрсетуін талап етуге құқықты екенін мойындауға жұмыс жүргізбеді. Ұлттар бірлігі мен өзара силастығын арттыруда роль атқармады, Жамбыл облысындағы, Қарағандыдағы, т.б. жерлердегі қақтығыстарда араағайын бола алмады. Орыс этносының өкілдері қазақтың тарихын жоққа шығарып, домбырасын сындырып, қазақ ұлтын қорлайтын, территориялық тұтастығына қатысты арандату сөздерін айтып жатқанда жұмған ауыздарын ашпады. Тентектерін тәртіпке шақырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етпеді. Ресей шенеуніктері мен саясаткерлерінің Қазақстан жайлы негізсіз қорлау, айып сөздерін ести отыра үнсіз қалды.