Астана қалалық мәслихаты 30 жылдығын атап өтті

Бүгін Астанада Еуразиялық ұлттық университетте Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына орай «Мықты мәслихаттар – жергілікті мемлекетті басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі институты» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Оған мәжіліс пен мәслихаттың әртүрлі жылдардағы шақырылымдарының құрамында болған бұрынғы және қазіргі депутаттары қатысты.

         Іс-шара Астана қаласының мәслихаты туралы архивтік фотосуреттер көрмесін тамашалаудан басталып, ар қарай кең залда мәслихаттардың бүгінгі таңдағы жұмысын және оны оңтайландыру жолын талқылауға ұласты.

         Модератор болған Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республика мәслихаттарының бір тармағы ол – Астана қаласының мәслихаты екенін, сондай-ақ елорда депутаттары қалада біраз мәселенің шешілуіне атсалысып, халыққа қызмет етуден асқан абырой жоқ екенін жете түсініп және соны дәлелдеп жүргендерін айтты.  

Жуырда ғана Астанада «Аманат» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының 2-ші республикалық форумы өткенін жақсы білесіздер. Онда мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт, сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты деп атап өтті. Мәслихаттар өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін негізгі институт. Осы залда жиналған мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, мәслихаттардың жұмысына қатысты нақты шешімдер ұсынуға дайын. Қазір еліміздің бас қаласы саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да өсіп-өрлеп, Орта Азиядағы дамып жатқан астаналардың бірі де бірегейі. Мен өз атымнан айтар едім, тек қана Орта Азия емес, әлемге аты шыққан әдемі астаналардың біріне айналып келе жатыр, – деді Ерлан Сыдықов.

Бүгінгі таңда Астана қалалық мәслихатының VIII шақырылым құрамында 34 депутат жұмыс істейді. Оның жартысы – бір мандатты округтер бойынша сайланған 17 депутат, партиялық округтер бойынша 17 депутат. Сондықтан әр депутаттың 40 мыңнан 57 мыңға дейін сайлаушысы тұратын өз сайлау округі бар. Бұл мәліметті Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов айтып берді.

 Басты міндетіміз – еліміздің бас қаласындағы өмірді жайлы және қауіпсіз ету. Ол үшін барлық мемлекеттік органмен және жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерімен белсенді ынтымақтастық орнатылды. Елордалық мәслихат депутаттары үшін сайлаушыларымен өзара іс-қимыл барысында ашықтықтың жоғары деңгейін сақтау өте маңызды. Мысалы, бір мандатты сайлау округтері бойынша 17 депутат айына 3 қабылдау өткізеді. Азаматтардың өтініштерін, шағымдарын тыңдап, мәселелерін шешіп беру – мәслихат депутаттарының ең басты істерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, оны мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылауға тарту қажет деп атап өтті. Бүгінгі таңда халық қалаулыларының өз таңдаушыларына есеп беруі бойынша енгізілген реттеулер олардың халықпен тығыз байланысын орнатуға және жұмыстарының ашықтығын арттыруға үлкен мүмкіндіктер ашты. Елордадағы салалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы 3 жылдық кешенді даму жоспарын қабылдадық. Ең бастысы, мәслихаттардың депутаттары әртүрлі саланың өкілі болғанын қалаймыз. Себебі медицина немесе білім саласы басым болып кетсе, басқа салаларға көңіл бөлінбей қалады. Көңіл бөлінсе де, ол депутаттар мәселені толыққанды шеше алмайды. Былтыр ғана біз сайланғаннан кейін 1 жарым жыл ішінде бүкіл 34 депутатымызды оқудан өткіздік. Халықпен тікелей эфирге шығу, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу, өзінің атқарып жатқан жұмысын әлеуметтік желіде көрсету, қабылдау кезінде берілген уәделердің орындалуы назарға алынды. Халық мәслихат депутаттары ай сайын жалақы алып отыр деп ойлайды. Шын мәнінде, олардың ешқайсысы жалақы алмайды. Мәслихатта 3 депутат қана, яғни төраға мен екі комиссияның басшыларының еңбегі үшін мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Қалған депутаттар қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондықтан осыны да ескерген жөн. Өйткені әр депутаттың өзінің жеке жұмысы, ұжымы бар, – деп атап өтті Астана қаласы мәслихатының төрағасы.

Дегенмен, мәслихат депутаттарының кәсібилігіне қатысты сыни пікір де болмады емес. Мысалы, аудан, ауыл мәслихатының депутаты болған адам сол мекеннің жер шаруашылығын, топырақтың құнарлығын, өңірдегі көлік қозғалысын реттеуді білуі керектігін ескере кетті «Мемлекеттік және жергілікті басқару институты» үкіметтік емес білім беру мекемесінің басшысы Әбікен Тоқтыбекұлы.

«Қазақстан мәслихат депутаттары» РҚҚ төрағасы Мұқашев Төлеубек өазір әлем шапшаң транформацияланып, бізден жаһандық және жергілікті өзгерістерге дайын болуды талап етіп отырғанын алға тартты.

Маслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару институттары ретінде инновациялық белсенді қайта құрудың және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың жолсерігі болып қала беруі тиіс, – деді ол.

Депутаттардың жұмысын бағалап, ризашылығын білдірген «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, Астана қаласы бойынша балалардың құқығын қорғау уәкілі Әсима Бимендина: «Астанамыз өсіп, өніп, дамып келе жатқанының барлығына осы жерге келген азаматтардың үлесі өте мол. Мен V-ші шақырылымның Мәжіліс депутаты болдым. Біз халықпен өте тығыз жұмыс істедік. Жұмысымызды 2013 жылы бастап, 2016 жылы аяқтадық. V шақырылымда мен Әлеуметтік-мәдени комитетінің мүшесі болып жұмыс істедім. Сол кезде біз балалардың білім сапасын, жетпейтін мектептердің құрылысын, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді қарадық», – деп есіне алды экс-депутат.

Конференция барысында сөз сөйлеп, бандама оқығандардың барлығы сөзін Астана қалалық мәслихатының 30 жылдығына орай құттықтаудан бастады. Сонымен қатар, Марокко елінен, Ресей Федерациясынан, соның ішінде Санкт-Петербург қаласы мен Саха республикасынан, Біріккен Араб Әмірліктерінен видеоқұттықтау жолдағандар болды.

Жиын соңында I-VIII сайланым депутаттарын ведомстволық наградалармен және «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапаттау рәсімі өтті.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ