Астана қалалық мектептері сыбайлас жемқорлыққа қарсылықтың үлгісін көрсетті

Астана қалалық мектептеріндегі «Адал ұрпақ» клубтарының слеті өтіп, соның аясында оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы және адалдықты насихаттайтын театрландырылған қойылым қою бойынша өзара бақ сынасты. Кеше ақтық сайыс кезеңінде жеңімпаз командалар анықталды.

Оқушылар бүгінгі қоғамда бар әділетсіздік, сот төрешісі мен адвокаттың сыбайластық жолмен пара алатыны, білім, медицина, спорт салаларындағы жемқорлық әрекеттер, адам құқығының бұзылуы сияқты мәселелерді қойылым арқылы барынша шынайы көрсетті. Соңында бәрін адал болуға шақырды. Қойылым идеясы мен оқушылардың рөлді керемет сомдаған актерлік қабілеті тәнті етті.

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының негізгі міндеттері – мектеп ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, аталған мәселеге төзімділік көзқарасын өзгерту бойынша бастамаларды ынталандыру, парақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу.

Слет екі кезеңнен тұрды – іріктеу және финал. Қала аудандарында өткен іріктеу кезеңдері аясында елордадағы 80 мектептен 1500-ге жуық оқушы финалға шығу үшін бәсеге түсті. Мән-мағыналы және шабыттандыратын театрландырылған қойылымдар ұсынған финалдық кезеңге 10 үздік мектеп өтті. Әрбір мектеп өз қойлымында   «Сыбайлас жемқорлықсыз өмір – адал өмір» тақырыбын ашып, қоғамдағы әділеттілік, адалдық және этикалық құндылықтардың маңыздылығын алға тартты. Театр қойылымдары үшін әртүрлі кейіпкерлер ойлап табылды. Бірақ бәрінің ойы бір болды: жемқорлық қоғамға үлкен зиян келтіреді!

Ауқымды іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті қалалық ішкі саясат және білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара соңында үздік қойылымдар таңдалып, «Адал ұрпақ» клубтарының қорытынды кездесуінің жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. 3 орынға 30 000 теңгелік, 2 орынға 50 000 теңгелік және 1 орынға

100 000 теңгелік ақшалай сыйақы берілді. Мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарын ілгерілету мақсатында өткен «Адал ұрпақ» слетінде жеңіске жетіп, бірінші орынға иеленген – Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясы, екінші орынға ие болған – Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы, үшінші орынды Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушылары қанжығасына байлады. Сонымен қатар, барлық қатысушы мектепке белсенді қатысқаны үшін дипломдар табысталды.

Бұл жоба мектеп оқушыларын сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңыздылығын түсінуге ынталандырып қана қоймай, қоғамның болашағын айқындайтын моральдық қағидаларды нығайтуға ықпал етпек.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ