АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІНДЕ БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ ЕНГІЗІЛДІ
Жаңа оқу жылынан бастап Астана қаласында орта білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Оның ерекшелігі – биылдан бастап барлық пәнді оқыту кезінде мұғалімге баланың бойына білім мен қатар ұлттық тәрбиені қоса беру міндеттелді. Бүгін 91 мектеп-гимназиясы журналистерге жаңа әдіспен оқытуды үлгісін іс жүзінде көрсетті.
Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 2024-2025 оқу жылына арналған жаңа жоспарды бекіткен еді. Соған сәйкес, барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып білім беруді бастап кетті. Атап айтсақ, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту іс-шаралары күнделікті өткізіледі. Оған қоса, аптаның әр күні «Әдеп күніне», «Денсаулық күніне» «Ұлттық құндылықтар күніне» арналады.
Мұның барлығы сабақпен қатар қалай ұйымдастырылады деген сұрақтың туындауы орынды. Астана қаласы 91 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ботакөз Қарбаеваның айтуынша, мұғалім сабақ беру барысында пән тақырыбын ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып түсіндіреді. Әрбір ай баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған іс-шараларды қамтиды. Мысалы, қыркүйек – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы болса, қазан – тәуелсіздік және отаншылдық айы, қараша – әділдік және жауапкершілік айы, желтоқсан – бірлік және ынтымақ айы, қаңтар – заң және тәртіп айы, ақпан – жасампаздық пен жаңашылдық айы, т.с.с.
– Одан бөлек, «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» бойынша үзілісте оқушылар бос уақытын ойын түрінде өткізеді. Асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас ойнауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, күйдің үні күмбірлеп тұрады. Апта сайын таңертең мемлекеттіміздің әнұраны орындалады. Ал дүйсенбі сайын мектеп сынып сағатын оқушылардың ата-аналарымен бірлесіп өткізбек. Өйткені баланың тәрбиесіне қатысты олардың да өзінің айтары болады. Сондай-ақ, қауіпсіздік сабағы барысында учаскелік полиция қызметкері балаларға адам құқығы, сақтық шаралары бойынша қажетті ақпараттар беріп тұрады. Мінекей, бүгін мектебімізде ұлттық құндылықтар күніне орай киіз үйде дастархан жайып, бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тағамдарды таныстырдық. Арнайы әже шақырдық. Ол кісі тағамдардың қалай жасалатыны жайында әңгілемеп берді. Асқа бата беруді де осы кезде көрсетті, – дейді Астана қаласы 91 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Атап өту керек, жаңа әдістемеге бағытталған жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін тамыз айында қаладағы барлық мектепке оқыту семинары ұйымдастырылған. Семинарға мектепке дейінгі, орта, кәсіби-техникалық әрі қосымша білім беру ұйымдарынан, жеке мектептерден 10 мыңнан аса педагог қатысты. Оларға ұлттық құндылықтарды оқу үдерісіне интеграциялау, жүзеге асыру механизмдері мен алгоритмдері, мұғалімдердің практикалық дағдыларын арттыру, сондай-ақ, аймақтық білім беру ұйымдарында бағдарламаны іске асыруды басқару және үйлестіру туралы ақпарат берілді.
Қазіргі таңда педагогтер жаңартылған әдіске сүйеніп білім беруді жалғастырып жатыр.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ