«Астана» телеарнасы «Ащы шындық» атты жаңа ток-шоуды көрермен назарына ұсынбақ
Тұсаукесер! Қазақстандық көрермен назарына «Ащы шындық» атты әлеуметтік реалити ток-шоу ұсынылмақ. Жаңа жоба 27 ақпаннан бастап «Астана» телеарнасында аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында көпшілікке жол тартады. Ток-шоу қазақстандық әйелдер үшін жаңа диалог алаңына айналады.
Бағдарламаның басты мақсаты — қазақстандық әйелдердің проблемаларын шешуге көмектесу. Түсірілім барысында өткеннің шым-шытырық сырлары ашылады. Келешектен күдер үзген қыз-келіншектердің үміті қайта жанады. Жобаға 18 бен 60 жас аралығындағы бұрымдылар қатысады. Олардың әрқайсысы белгілі бір сәтте қиын жағдайға тап болып, одан шығудың жолын таба алмай жүрген жандар. Бағдарлама кейіпкерлері жан дүниесін ашып қана қоймай, шынайы қолдауға ие бола алады.
«Мұндай бағдарламаларды теледидардан көрген кезде, шыны керек өтірік деп ойлайтынмын. Қазір түсірілім барысында, бәрі де шынайы тағдырлар екеніне көзім жетіп отыр. 19 миллион халықтың алдына шығып, өз тағдырыңды айту оңай дүние емес», — Риза Асылбекқызы, режиссер.
Тағдыр тәлкегін көрген аруларға психологтар, заңгерлер, стилистер, сексологтар, меценаттар, коучтар, кәсіпкерлер және қоғамдық қорлар көмек көрсетеді.
«Екі қызым енеммен тұрады. Менен тартып алған. Балаларымды қайтадан өз бауырыма басқым келеді. Бұл жобаға үлкен сеніммен келіп отырмын. Жұмыс тауып, баспаналы болып, бақытты өмір сүргім келеді» ,- дейді жобаға қатысушылардың бірі Саида Сулейменова.
Жобаның тұрақты сарапшылары, қос заңгер Айдын Асланұлы мен Альбина Бахтиярқызы заң аясында кейіпкелердің алимент төлеу, баланы заңсыз тартып алу, баспана жыры сияқты әлеуметтік мәселелерін шешуға қолдау жасайды.
«Менің ойымша мұндай бағдарламалар көп болу керек. Халықтың әлеуметтік проблемалары бастан асады, олар заң жүзінде шешілуі керек. Бірақ көбісі заңды түсінбегендіктен, білмегендіктен өз мәселелерін шеше алмай жүр. Бізде барлық дүниені заң арқылы шешуге болады. Бағдарламаға жүгінетін кейіпкердің басым бөлігін ажырасу, алимент, кредит жабу сынды мәселелер толғандырады», — Айдын Асланұлы, заңгер.
Студияда отырған әрбір кейіпкер жеке проблемаларын шешу үшін дискуссияға түседі. Сарапшыларға толғандырған сұрақтарын қояды. Өмірлік тәжірбиелерімен бөліседі. Ал мән-жайды сырттан жасырын бөлмеден бақылайтын тәуелсіз сарапшы бағдарлама соңында өз пікірін айтып, проблеманы шешу жолдарын көрсетеді.
«Жобаны дайындау барысында көптеген тағдыр тауқыметін тартқан әйелдерді көрдік. Олардың тыныс-тіршілігімен, өмір сүру салтымен таныстық. Қазақ әйелдерінің жәудіреген жанарын, сенімсіздігін көру жүректі ауыртпай қоймайды. Әр бір кісінің мәселесі шешіліп, сұрағына жауап табады деп сенемін»,- Гүлім Чаки, редактор
Проблемасы шешілген әрбір әйел бағдарламадан өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа болашаққа нық қадам басады!
«Біздің міндетіміз – объективті көрініс беру. Ол үшін проблемаға қатысы бар екі тарап та қатысуы қажет. Әрине, мұнда белгілі бір қиындықтар болады. Барлығы кездесуге барғысы келмейді, ашық және тікелей сөйлескісі келмейді, бағдарламаға қатысуға батылы жете бермейді. Мен журналист ретінде әрқашан объективті және кәсіби ақпарат беруді жақтаймын. Жоба біржақты ғана емес, екі жақ тарапты бірдей тыңдап, олардың пікірі мен көзқарасын көрсету мен үшін өте маңызды. Біз қоғамда өз орнын таппай жүрген әрбір әйелдің өміріне терең үңіліп, оң шешімін табуға тырысамыз!»,- Газиза Раимбек, продюсер, жоба жүргізушісі.
«Ащы шындық» жобасы 27 ақпаннан бастап «Астана» телеарнасында аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында 17.55-те көрермен назарына ұсынылады. Қапы қалмаңыз!