Астана – Жезқазған пойызында қыз бала дүниеге келді

2025 жылғы 27 мамыр күні Астана – Жезқазған бағыты бойынша қатынайтын №66 пойызында қуанышты оқиға орын алды – жолаушы әйел босанып, дүниеге қыз бала әкелді. Бұл туралы Altyn-orda.kz порталына «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жолаушы Альвина Пернабаева жүктіліктің соңғы кезеңінде пойызда келе жатып, кенеттен толғақ қысқан .

 Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен жолсерік Алтынай Ғафиуллина жедел жауап беріп, бәрі нұсқаулыққа сай әрекет етіп, босандырып алған .

Персоналға көмектесуге қатардағы жолаушылар – Сәтбаев қаласының фельдшері мен балабақша қызметкері де атсалысты.

Барлығының үйлесімді іс-әрекетінің арқасында таңғы сағат 06:20-да дені сау қыз бала дүниеге келді.

Жақын маңдағы Жеңіс стансасына жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер ана мен жаңа туған сәбиді тексеру үшін күтіп алды.

Сәбидің әкесі Алихан Жаналин көмек көрсеткен барлық жанашыр жандарға алғысын білдіріп, қыздарына Асылым деп ат қойғандарын айтты.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, пойыз қызметкерлері төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған тұрақты дайындықтан өтеді.

Соңғы үш жыл ішінде бұл – қазақстандық пойыздарда тіркелген 15-ші босану оқиғасы.