Астанада естен кетпес авто-шоу өтті

Қаланың сырт жағындағы 40-шы станса маңында көлік жарысы бойынша экстремалды спорт шоуы дүркіреп өтті. Республиканың әр өңірінен жигули, волга, ниссан, мерседес, БМВ, нива маркалы 24 көлік қатысты. Бір-бірін соғу сайысында кубок БМВ маркасының командасына бұйырды. Тамашалауға келген жұрттың да қарасы қалың болды. Ал машиналардың шайқасына қарама-қарсы тұста мотоциклдың құлағында ойнағандар шаңды бұрқырата қатты айдап, қарап отырған адамдарға ерекше эмоция сыйлады.  

Автомотоцикл маусымының жабылуындағы негізгі сайыс – атауы аңызға айналған BMW және Mercedes арасындағы қақтығыс, көлікте аман қалу үшін ережесіз жарыс шайқасы. Топтық жарыста әр командадан 4 көліктен шықты. Mercedes командасы жеңіске жетуге шақ қалғанымен, ереже бұзғанына байланысты кубокты BMW көлігінің командасы алды.

«Негізгі үшінші турда Мерседес пен БМВ бәстесті. Оталып тұрған көлік жеңімпаз саналады және оған 500 мың теңге сыйақы тағайындалды. Бұл авто-шоу осымен 6-шы рет ұйымдастырылып жатыр. Маусымның ашылуы жыл сайын мамыр айында болады, ал қыркүйек айында жабылуы. Сол аралықта қалада көліктердің арасында дрифт сияқты жарыс түрлері бойынша жазғы маусым өтіп тұрады», – дейді ұйымдастырушы, «Bort 1» көлікке техникалық және сервистік қызмет көрсету компаниясының директоры Елвар Агаев.  

Көрерменнің делебесін қоздыратын шоуға демеуші болған Қазақстан Республикасы Автомотоспорт федерациясы мен «Bort 1» көлікке техникалық және сервистік қызмет көрсету компаниясы екенін атап өту керек. Бұл экстремалды автоспортты ұйымдастырудың мақсаты – халыққа шоу жасау арқылы көңілін көтеру әрі Қазақстанда автоспортты дамыту. 

BMW командасынан жеңімпаз атанған BMW Bayerische клубының негізін қалаушы Мақсат Үйсенбаев: «BMW мен Mercedes көліктерінің шайқасы екі команда арасында өтті. Біздің топта осы жолы 4 адам болды: Шыңғыс Надиров, Илья Бутылкин және Иван Кравцов. Бүгінгі сайыста біздің, яғни BMW жақтан ереже бойынша ешқандай қателік болған жоқ. Қарсыласымыз Mercedes командасы өте мықты екенін көрсетті. Мықтылық жағынан жеңісті соларға бергенбіз, алайда олар техникалық ережелерді бұзып тұрғандықтан, биыл біз жүлделі болып отырмыз. Бұл командалық сайыс болғандықтан, бір адам ереже бұзса, тұтас команда жеңіледі деп саналады. Қазір кубокты алдық, енді келесі жылы маусымның ашылуына дайындаламыз. Өйткені Mercedes-тың командасы кубокты алып кету үшін келеді. Әр сайыста осы кубок үшін күресе береміз», ‒ дейді.

Жеңімпазға 500 мың теңге сыйақы, елорданың кубогы және медаль табысталды. Сонымен қатар қонақтар арасында ойын-сауық бағдарламалар, сұрақ-жауаптар, денені шынықтыру бойынша кішігірім байқаулар өтіп, бақ сынағандарға көлікке қажет құралдардың жинағы, өрт сөндіргіш, 50 мың теңгеге сертификат сынды сыйлықтар таратылды.

Кеш соңы жеңімпаздарды марапаттау, дискотека ұйымдастыру және отшашуды тамашалаумен аяқталды.  

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ