Астанада қылмыстың алдын алу шаралары қолға алынды

Қылмыстың алдын алу шараларын күшейту мақсатында 16 қыркүйек пен 1 қараша аралығында Астана қаласы аумағында Республикалық «Учаске» жедел-профилактикалык іс-шарасы өтіп жатыр.

Осы кезең ішінде учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік учаскесіндегі тұрғындармен танысу, сондай-ақ,  әртүрлі құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды анықтау үшін аула және көп қабатты үйлерді тексереді. Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Қазір іс-шара барысында жалға берілетін пәтерлер, азаматтық қару иелері,  базарлар мен өзге сауда жасау орындары, жастар және кәмелетке толмағандар көп шоғырланатын жерлер тексерілуде. Мұндағы мақсат — қоғамға қарсы әрекеттердің алдын алу мен қадағалаусыз қалу фактілерін жою.

Сонымен қатар, саяжай алқаптары, құрылыс объектілері, оның ішінде тоқтатылған және тасталған объектілер, шатырлар, жертөлелер, канализациялық құдықтар мен өзге де орындар қадағаланады.

Астана қаласы Нұра ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Азамат Әжібаевтың айтуынша, осы кезде Нұра ауданында 900-ге жуық заң бұзушылық анықталған.

— Жедел профилактикалык іс-шарасын өткізу барысында Астана қаласы Нұра ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары қазіргі уақыттың өзінде бірқатар жұмыс тындырды деуге болады. Мысалы, Нұра ауданының 7500-ге жуық тұрғынын аралап шықты, 900-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған 1000-нан астам тұлғаға заң бұзушылықтың салдары және оған жол бермеу жайында түсіндірді, — дейді Азамат Әжібаев.

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында туындаған мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып,  халықпен кездесулер ұйымдастырады. Айта кету керек, «Учаске» жедел-профилактикалык іс-шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді.

Прокуратура, Полиция басқармасы, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиясы сияқты мемлекеттік органдардың қатысуымен өтіп жатқан рейдте жасөспірімдер қылмысының алдын алу да көзделген.

— Аулаларда, саябақтарда, жастардың жаппай жүретін ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау болады. Сағат 23.00-ден кейін көшеде ұсталған жасөспірімдерге заң нормалары алдын ала түсіндіріледі әрі заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілетін болады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес кәмелетке толмаған жеткіншектер түнгі сағат 23.00-ден бастап үйден тыс жерде, ал сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде ата-аналары немесе заңды өкілдерісіз жүруіне болмайды. Әйтпесе, бұл үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — дейді Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенова.

Нұрсұлу Мырзахмет

Altyn-Orda.kz